Өлім жазасының тек соғыс уақытында ғана қолданылуы қарастырылуда
АСТАНА. Мамырдың 23-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Террористік қылмыстарға байланысты кепілге алу кезінде адамдардың қаза табуына қатысты нормалардың бәсекелестігін болғызбау мақсатында Қылмыстық кодекстің 96-шы және 233-ші баптарына өзгерістер енгізілді.
Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті осындай қорытынды шығарды. Аталған комитет мұндай тоқтамға «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында келіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Заң жобасында енгізіліп отырған түзетулер қолданыстағы қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасын Ата заңымыздың ережелеріне сәйкес келтіруге бағытталған және адамның өмір сүруге деген негізгі құқығын қамтамасыз етуді көздейді.Мәжіліс депутаттары көптеген толықтырулар қосқан. Қылмыстық кодекстің геноцид, мемлекетке опасыздық және әскери қылмыстар жасағаны үшін көзделінген жазаларды реттейтін баптардың құрылымын өзгертті. Яғни осы қылмыстық әрекеттердің бейбіт уақытта және соғыс кезінде жасалуы бойынша аражігін айқындап берді. Бұл ретте өлім жазасы түріндегі норма аталған қылмысты соғыс уақытында жасағандарға көзделеді.