Өлімді «жеңген» Джейкобс Головкин соққыларына шыдап бақты

Сол мезетте Джейкобс келіп, Головкинді құшақтады. «Сені сыйлаймын, командаңды да» деп шынайы құрметін көрсетті. Өлімнің аузынан қалған, өмірдің құнын, жеңістін бағасын жақсы білетін Джейкобс әрине, осылай деуі керек еді...
Өйткені, Джейкобстің өмірбаянын білетін адам болса, оның қазақ жаман ауру атап кеткен, обырды жеңгенін айтады. «Обырды жеңгенмін, Головкинді де жеңе аламын» деген болатын ол додаға дейін.
2011 жылдың сәуірінде велосипед теуіп жүрген ол есінен танып құлайды. Жай ғана талма шығар деп аса мән бермеген боксшы бұл аурдың арты жаман екенін ол кезде білмеген. Осы талып құлағаннан кейін ол бір аптадан соң таяққа сүйеніп жүруге мәжбүр болады.
Кәсіпқой боксқа дейін ол 137 кездесу өткізіп, 7-уінде ғана жеңілген. Ол жасөспірімдер арасындағы олимпиада жеңімпазы, «АҚШ-тың» алтын қолғабын жеңіп алады.
Ал кәсіпқой бокста ол 2007 жылы алғашқы қарсыласын 29 секундта, келесісін 1 раундтың ішінде, үшіншісін 2-ші раунда жеңіп, айды аспанға бір-ақ шығарады. Содан кейінгі 9 кездесуде ол WBO, NABO және NABF нұсқалары бойынша чемпион атанады.
Алайда, 2010 жылы WBO чемпиондығына таласта ол Дмитрий Пирогтан оңбай жеңіледі. 5-ші раунда Пирог Джейкобсті сұлатады. Бұл жеңілісіне әжесінің бір апта бұрын дүниеден өтуі де себеп болған деседі кейбіреулер. Қайғырған боксшы толық күшін жұмсай алмағанын айтқан.
Алайда, көп ұзамай ол 2010 жылдың желтоқсанында 5 раунда Джесси Ортаны құлатса, келесі жылы наурыз айында бірінші раунда Клийверді тізе бүктіреді.
Жеңіс сатысымен көтеріліп келе жатқан Джейкобс туралы 2011 жылдың соңында сұмдық жаңалық шығады. БАҚ оның 7 айдан бері ауруханада өмірі үшін күресіп жатқанын жарыса жазады.
Алғашқы талып құлағанында дәрігерлер жүйке жүйесі зақымданған деп диагноз қойғанымен, кейін оған арқасында қатерлі ісік бар екені анықталады. Джейкобс тап болған «Остеосаркома» деп аталатын обыр адам омыртқасын қисайтып, жүйкені жойып, сал аурына шалдықтырады.
Дерттен құтылу үшін ол мамыр айында ота жасатады. Ота сәтті болып, барлық ісік алынады.
Джейкобстің айтуынша, ол наркоздан оянғаннан кейін, қасындағы кезекші дәрігерден жаттығуға қашан бара аламын деп сұрапты.
Оған дәрігер: «Ауыр болса да айтайын, сен енді «шауып кете» алмайсың, боксты ұмыт», дейді.
Алдайда, боксшы оның бәрін теріске шығарып, отадан кейін бірнеше аптадан соң спорт алаңдарындағы турникке тартылып, белсенді өмірін бастап кетеді.
Сол жылдың күзінде алғашқы спаррингке шығады. 2012 жылы әбден бабына келген ол алғашқы кездесуін өткізеді. Алғашқы раундта-ақ, Джош Лютеранды құлатады.
Осы аурудан кейін, ол 9 кездесу өткізіп, барлығын нокаутпен жеңіп келді. Бүгінгі 10-шы кездесуінде темір Головкинге шыдап бақты.
Сол үшін Головкин оған алғысын да айтты.
«Дэнни мен оның командасы өте жақсы жұмыс жасады. Өте жақсы, өте таза жұмыс. Дэнни, сол үшін менің құрметімді қабыл ал! Әрине, менің командама да, бапкеріме де, спорт жанкүйлеріне де алғыс айтамын. Дэнни жарады! Оның дайындығы жақсы!", - деді Геннадий Головкин.