Олимпиада-2018: 6 мыңнан астам спортшыдан допинг сынамалары алынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін XXIII қысқы Олимпиада ойындарын допингтен таза өткізу үшін спортшылардан 14 мыңнан астам сынама алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Олимпиада-2018: 6 мыңнан астам спортшыдан допинг сынамалары алынды

Халықаралық Олимпиада Комитетінің (ХОК) ресми мәліметінде атап өтілгендей, жарыстарға қатысатын 61 елдің 6 мыңнан астам спортшысынан 14 мыңнан астам сынама алынған.

Аталған дереккөзге сүйенсек, допингке қарсы іс-қимылдың алдын ала шаралары шеңберінде 2017 жылдың сәуір-желтоқсан айларында Ұлттық допингке қарсы күрес ұйымдары (NADO) және Халықаралық қысқы спорт федерациясы Олимпиада ойындарына дейін спортшылардан алынатын сынамалар санын арттырған. Басты мақсат - Пхенчхан Олимпиадасына дейін таза спортшыларды қорғау.

Естеріңізге сала кетейік, Олимпиада ойындары 9-25 ақпан күндері аралығында өтеді. Онда спорттың 15 түрінен 102 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан спорттың 9 түрінен сынға түседі.