Олимпиада - 2018: Алтын күткен Алексей Полторанин ондыққа да кірмей қалды

None
None
ПХЕНЧХАН. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан ХХIII қысқы Олимпиада ойындарында шаңғы спортынан ерлер арасында 50 шақырымдық классикалық жарыста отандасымыз Алексей Полторанин жүлдесіз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жанкүйерлер мен мамандар Алексей Полтораниннен 50 шақырымға созылған жарыста көп үміт күтті. Өйткені Пхенчханда классикалық әдіспен өткізілген жарыс қазақстандық шаңғышының күшті тұсы болатын. Өкінішке қарай, оқиғалар басқаша өрбіді.

Шаңғышылар пелатоны жарыстың басынан-ақ сейіле бастады. Лидерлердің көпшілігі, соның ішінде Полторанин де екінші айналымнан кейін шаңғысын алмастырып алды. 20-шы километрге қараған бетте Алексей мен финляндиялық Иво Нисканен өзгелерден озып шыға келді. Ұзақ уақыт бойы екеуі қатарласа жүрді. Кейіннен ақырындап Олимпиада құрамасынан ресейлік спортшы Александр Болшунов оларға жақындай түсті.

37-километрден кейін енді Нисканенмен Болшунов текетіресе бастады. Полтораниннің жылдамдығы бірте-бірте бәсеңдеп, қуғыншылар жақындай түсті. 45-километрде төрт спортшыдан құралған қуғыншылар тобы қалжырай бастаған Полторанинді артқа тастады.

Соңғы айналым Полторанинге ауыр соқты. Әлгі төрттікке де ілесе алмай қалған соң, жылдамдығы тағы да бәсеңдей түсіп, ақыр соңында мәреге 15-орында, жеңімпаздан 5 минут 15 секунд кейін келді.

Финляндиялық шаңғышы Нисканен 2 сағат 8 минут 22,1 секунд көрсеткішімен Олимпиада чемпионы болды. Одан 18,7 секунд артта қалған Болшунов күміс медальды иеленді. Ресейден барған екінші бір олимпиадалық атлет Андрей Ларьков қола медальға қол жеткізді.

Соңғы жаңалықтар
telegram