Олимпиада-2018: Батысқазақстандықтар Алексей Полторанинге жеңіс тілейді
«Атамекен» лагерінде өткен дәстүрлі шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов өз лебізін білдірді.
«Батыс Қазақстан облысының спорт сүйер жұртшылығы атынан салауатты өмір салтын қолдайтынымызды білдіріп, жастарды спортпен айналысуға шақырамыз. Қазіргі кезде қазақстандық спортшылар Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан Олимпиада ойындарына қатысуда. Ертең 50 километр қашықтықта Қазақстанның басты үміті Алексей Полторанин жарыс жолына шығады. Біз оған жеңіс тілейміз», деді Ғ.Оспанқұлов.
Өңір басшысының орынбасары сондай-ақ Ақтөбе облысының шаңғы эстафетасын қабыл алып, оны солтүстікқазақстандықтарға тапсыратынын жеткізді.
Шараға қатысушылар 3 шақырымдай қашықтықты шаңғымен жүріп өтті. Олардың арасында Рио Олимпиадасының әйелдер күресінен қола жүлдегері Екатерина Ларионова бар.
Айта кетейік, Оралда «Aqjayq SkiFest-2018» қысқы ойындар фестивалі өтуде.
Батыс Қазақстан. ҚазАқпарат.