Олимпиада-2018: Медаль күтіңіздер - Юлия Галышева

ПХЕНЧХАН. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен Қазақстанның туын көтеру рәсімінде қазақстандық спортшы Юлия Галышева медальдан үмітті екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі арнайы Пхенчханнан.

Олимпиада-2018: Медаль күтіңіздер - Юлия Галышева

Қысқы Олимпиада ойындарына жолдама алған қазақстандық спортшылардың ішінде медаль алуға басты үміткерлердің бірі - могулші Юлия Галышева.

Ол бүгін ҚазАқпарат тілшісіне берген шағын сұхбатында өзінің мүмкіндігі туралы айтып өтті.

- Олимпиадаға қаншалықты дайынсыз?

- Олимпиадаға жүлде үшін келдім. Бұйырса, меннен медаль күтіңіздер.

- Өзіңізге қаншалықты сенімдісіз?

- Мен қазір нағыз бабымдамын. Бұйырса тек медаль үшін сайысамын. Осыған дейін әлем кубогының төрт кезеңінде бағымды сынадым. Барлық кезеңдегі көрсеткішім көңілімнен шықты.  Бұл кезеңдер Олимпиада алдындағы басты сынақ болатын.

- Бұйырса сізді Олимпиадада жеңіс тұғырынан көреміз бе?

- Солай болуын тілей беріңіздер. Қазір бабымдамын, тек бағым шапса болғаны.

- Өз мүмкіндігіңізді шамалап көрген сияқтысыз...

- Иә, бірінші орын демесек те, екінші, үшінші орындар үшін таласуға болады.

- Әңгімеңізге рахмет. Өзіңіз ойлаған биікті бағындыруға тілекшіміз...

Еске сала кетсек, Юлия Галышева 9 ақпанда  (жұма) фристайл-могулден біліктілік жарысына қатысады.