Олимпиада-2018: Шаңғышыларымыз сәтсіз өнер көрсетті
ПХЕНЧХАН. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан XXІІІ қысқы Олимпиада ойындарында шаңғы жарысынан ел намысын қорғаған спортшыларымыз сәтсіз өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін шаңғы жарысынан ерлер арасында еркін стильден 15 шақырымдық жарыс өткен болатын. Онда ел намысын Денис Волотка, Евгений Величко және Виталий Пухкало қорғап, үшеуі де жүлделі орындардан құр қалды. Ал құрамамыздың көшбасшысы Алексей Полторанин бұл сынға қатысқан жоқ. Ол классикалық жарысқа дайындалып жатыр.
Сонымен аталған қашықтықты отандастарымыз арасынан Пухкало 36:57.4 уақытта бағындырып, мәреге 54-ші болып жетті. Ал Евгений Величко (37:28.6) 61-ші, Волотка болса (37:39.8) 64-ші орынға тұрақтады.
Бұл сында бас жүлдені швейцариялық Дарио Колонья (33:43.9) жеңіп алса, екінші орынға норвегиялық Симен Хегстад Крюгер (34:02.2) ие болса, үздік үштікті Олимпиада туы астында сынға түсіп жатқан Ресей құрамасының спортшысы Денис Спицов (34:06.9) қанжығасына байлады.
Жалпы бұл жарысқа 119 спортшы қатысты.