Олимпиада-2018: Спортшыларды тіркеу аяқталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін халықаралық Олимпиада комитеті Оңтүстік Кореяда өтетін XXIII қысқы Олимпиадаға қатысатын спортшыларды тіркеуді аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Пхенчхан олимпиадасын ұйымдастыру комитеті таратқан мәліметтеріне сүйенсек, барлық спорт түрлерінен спортшыларды тіркеу аяқталған. Енді, бүгіннен бастап Пхенчхан олимпиадашыларды қабылдай бастайды.
Жалпы Қысқы ойындарына 92 Ұлттық Олимпиада комитеттен 2295 спортшы тіркеуден өткен.
Оңтүстік Кореяның өзінен 15 спорт түрі бойынша 144 спортшы медальға таласады. Ал Солтүстік Кореядан төртжылдық додаға 5 спорт түрінен 22 спортшы қатысатыны белгілі болды.
Сонымен қатар Пхенчхан олимпиадасына 6 мемлекет тұңғыш рет қатысқалы отыр. Олар - Эквадор (шаңғымен сырғанау), Эритрея (Альпі шаңғымен сырғанау), Косово (Альпі шаңғымен сырғанау), Малайзия (Фигуралық коньки), Нигерия (Бобслей және Скелетон) және Сингапур (Short Track Skating) спортшылары.