16:09, 25 Тамыз 2014 | GMT +5
Олимпиада-2020 қарсаңында Токио шығанағындағы суды тазалау жоспарлануда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Токио билігі жапондық астанада өтетін жазғы Олимпиада 2020 ойындары қарсаңында Токио шығанағындағы суды тазарту жұмыстарын қолға алмақ.

Бұл туралы жергілікті БАҚ хабарлады.
2015 қаржы жылына арналған бюджеттік өтінімде токиолық үкімет қаланың экологиялық жағдайын жақсарту үшін 3,6 млрд. иен (шамамен 35 млн. доллар) сұрайды деп күтілуде. Бұл қаражат есебінен солтүстік бөлігі мегаполистің орталығында орналасқан шығанаққа тазалау жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр.
Токиода өтетін жазғы Олимпиаданың ерекшеліктерінің бірі- жинақылығында. Барлық негізгі спорт нысандары жапондық астана орталығында құмды аралда салынған Олимпиада ауылынан 8 шақырымнан аспайтын қашықтықта орналасатын болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрермендер кез келген стадионға небәрі жарты сағаттың ішінде жете алады.