Олимпиада-2022: Медальдар бойынша көш бастап тұрған елдер

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Бейжіңде өтіп жатқан Ақ Олимпиада ойындарының аяқталуына тура бір күн қалды. Жалпы медальдар кестесінде Норвегия құрамасы ешкімге дес берер емес, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олимпиада-2022: Медальдар бойынша көш бастап тұрған елдер

Норвегия құрамасы жүлделер кестесінде екінші орында тұрған Германиядан 4 алтын артық алып, жеке дара көш бастап тұр. Олардың еншісінде 15 алтын, 8 күміс, 12 қола (35) медаль бар.

Ал Германия құрамасы бүгін қоржындарын тағы бір алтын, бір күміс медальмен толықтырды. Нәтижесінде 11 алтын, 8 күміс, 5 қола (24) медальмен екінші орында келеді.

Сондай-ақ, бүгін осыған дейін үздік үштіктен түспей келе жатқан АҚШ құрамасын Қытай спортшылары бір «алтын» айырмашылығымен басып озды. Олимпиаданы өз елінде өткізіп жатқан қытайлықтар 9 алтын, 4 күміс, 5 қола медальмен әзірге үздік үшінші орынды иеленіп тұр. Ал АҚШ кешегі орнынан бір саты төмендеп төртінші позицияға жайғасты.

Медаль көрсеткішімен үздік ондықта тұрған елдер:

1. Норвегия - 15 алтын, 8 күміс, 12 қола

2. Германия - 11 алтын, 8 күміс, 5 қола

3. Қытай - 9 алтын, 4 күміс, 2 қола

4. АҚШ - 8 алтын, 9 күміс, 7 қола

5. Швеция - 8 алтын, 5 күміс, 5 қола

6. Нидерланд - 8 алтын, 5 күміс, 4 қола

7. Швейцария - 7 алтын, 2 күміс, 5 қола

8. Ресей - 6 алтын, 11 күміс, 14 қола

9. Австрия - 6 алтын, 7 күміс, 4 қола

10. Франция - 5 алтын, 7 күміс, 2 қола

Айта кетейік, дәл бүгінге дейін Олимпиада медаліне қол жеткізген елдер қатары 29-ға жетті. Оның ішінде 22 мемлекеттің қоржынында алтын медаль болса, 26 мемлекетте күміс жүлде бар. Сондай-ақ Латвия, Польша және Эстония елдері бір-бір «қоладан» ұтып алды.

Өкінішке қарай, Қазақстан қоржыны әзірге бос тұр. Ертең, Олимпиаданың соңғы күнінде 3 спортшымыз сынға түседі. Шаңғы жарысынан Ангелина Шурыга, Ирина Быкова және Надежда Степашкина 30 шақырымға масс-стартта жарысқа түседі.