Олимпиада 2022 өткізуге Бейжіңнің досьесі: Қытай қысқы спорт түрлеріне 300 млн. адамды тартпақ (ФОТО)

ЧЖАНЦЗЯКОУ. ҚазАқпарат - Қытай билігі қысқы спорт түрлеріне өзінің 300 млн. азаматтарын тартпақ, делінген Бейжіңнің 2022 жылғы қысқы Олимпиада өткізуге берген ресми ұсынысында.
None
None

Аспанасты елі астанасы ұйымдастыру комитетінің осы және басқа да жоспарлары туралы ҚХР-да тіркелген отандық БАҚ («Қазақстан», «24.kz»/«Хабар» телеарналары және «ҚазАқпарат» ХАА) тілшілері шетелдік журналистер үшін ұйымдастырылған Хэбэй провинциясының Чунли уезіндегі Юньдин тау шаңғысы курортында өткен баспасөз турында естіп білді.

«2008 жылы біз жазғы Олимпиада ойындарын ойдағыдай өткіздік. Біз 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы да осындай табыспен өткізе аламыз. Біз Халықаралық олимпиада комитеті Бейжіңді қауіпсіз, сенімді әріптес ретінде таңдайтынына сенімдіміз», - деді брифингі барысында «Бейжің - қысқы Олимпидада-2022 өткізуге үміткер-қала» Ұйымдастыру комитетінің жұртшылықпен байланыс департаментінің басшысы Ван Хуэй.

Сонымен бірге ол Алматы да өзінің артықшылықтары бар Бейжіңге бәсекелес қала екенін атап өтті. ҚХР денешынықтыру және спорт істері жөніндегі Бас мемлекеттік басқарма қысқы спорт түрлерімен 300 млн. адамның айналысуына мүмкіндік беретін стратегия жасағаны аталып өтілді. Ол егер Бейжің жеңіске жететін болса, спорт индустриясының дамуына да серпін беретінін еске салды.

Қытай астанасында 3 проблема бар. Ұйымдастыру комитеті осы мәселелерді шешуі тиіс. Бұлар: Ауаның ластануы - қысқы Олимпиада өткізу кезінде Бейжің-Тяньцзинь-Хэбэй аймағында ауа сапасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы стандартына жеткізу жоспарлануда. Көмірді пайдалану 23 млн.-нан 10 тоннаға дейін қысқартылатын болады.

Қардың аз болуы - осы себеппен Бейжіңде мұз айдыны жарыстары өтеді, ал қарлы спорт түрлері Чжанцзякоу мен Яньцинде өтпек. Жасанды қар үшін су көктемгі-жазғы кезеңде үш арнайы жасалған су қоймасына жиналады (тау қарының еруі және жаңбыр).

Бейжіңнен сноуборд пен фристайл жарыстары өтетін Юньдин тау шаңғысы курортына дейінгі қашықтық 294 шақырым. Журналистер ол жерге 6 сағатқа жуық уақытта жетті. Ұйымдастырушылар 2019 жылы жоғары жылдамдықты Бейжің-Чжанцзякоу теміржол тармағы салынатынына сендірді, сонда бұл қашықтықты 50 минутта еңсеруге болады.

Қытай билігі Бейжіңдегі қысқы Олимпидада үнемді болады деген сенімде.

«Біріншіден, біз 2008 жылғы Олимпиадалық ойындар мұраларынан қалған нысандарды пайдвланамыз. Екіншіден, неғұрлым ғылыми және практикалық жоспарлауды қолданатын боламыз. Үшіншіден, біз шығындарды қатаң бақылауға аламыз», - деді Ван Хуэй.

Бейжіңнің ресми досьесінде спорттық және спорттық емес 25 нысанның 10-ы қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрғаны, 15-ін салу жоспарланғаны көрсетілген, оның ішінде - 6-уы - спорт кешендері. Олимпиаданы ұйымдастыруға Қытай 4 млрд. доллардан астам қаржы тартады, оның ішінде бизнес инвестициялары да бар. Қысқы Олимпиадалық және Паралимпиялық ойындардан ішкі нарық есебінен 858 млн. доллар кіріс түспек. Ұйымдастырушылар олимпиадашылар жарыстарына 2 млн. 50 мың, паралимпиадашылар жарыстарына - 390 мың билет сатуға ниетті. Билеттер сатудан түсетін табыс 118 млн. доллар болмақшы.

Кейбір шаңғы жарыстары Ұлы Қытай қорғаны маңына өтеді. Олимпиада кезінде ұйымдастырушылар мұнда мұз мүсіндері көрмесін өткізуді жоспарлауда.

Бейжіңнің кандидатурасы бекітілген жағдайда қысқы Олимпиада-2022 4-20 ақпан аралығында (ай күнтізбесі бойынша Қытай жаңа жылын мерекелеу күндері), ал Паралимпиада 4-13 наурыз күндері өтпек.

Қарлы спорт түрлерінен жарыстар өткізілетін басты орын Юньдин тау шаңғысы курорты болады. Оның аумағы 100 шаршы шақырым. Онда жоспарланған жұмыстар аяқталғанда Қытайдағы ірі тау шаңғысы спорты нысанына айналады. 2020 жылға қарай 35 тау шаңғысы жолдары, жалпы ұзындығы 70 шақырымдық 87 аспалы жол жұмыс істейді. Журналистерге көрсетілген қонақүйдің ауданы 130 мың шаршы метр және онда 2065 бөлме бар.

Еске сала кетейік, қазіргі кезде 2022 жылғы қысқы Олимпиада өткізуге Алматы мен Бейжің ғана үміткер болып отыр.

Соңғы жаңалықтар