Олимпиада-2026: Қазақстан ҰОК әлеуметтік желідегі белсенділік бойынша топ жарды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің әлеуметтік желідегі парақшалары Италияда өткен 2026 жылғы қысқы Олимпиада кезінде ҰОК-тер мен олимпиадалық құрамалар арасында ең жоғары нәтижелердің бірін көрсетті.
IRIS Sport ұйымы ANOC Social Media Dashboard жобасы аясында жүргізген зерттеуге сәйкес, Қазақстан ҰОК-нің Instagram желісіндегі жарияланымдардың орташа белсенділігі бойынша бірінші орынға шықты. Әр жазбада орта есеппен 24 583 белсенділік тіркелген. Бұл рейтингке енген Ұлттық Олимпиадалық комитеттер арасындағы ең үздік көрсеткіш.
Қазақстан ҰОК әлеуметтік желілердің жалпы тиімділігі бойынша да жоғары нәтиже көрсетті. Жарияланымдарға аудиторияның қатысу деңгейін көрсететін Engagement Rate көрсеткіші 118,9 пайызды құрап, комитет рейтингке енген ҰОК-тер арасында төртінші орын алды. Зерттеуге енген барлық платформаны қоса есептегенде, бір жарияланымда орта есеппен 1,26 мың белсенділік тіркелген.
Олимпиада ойындары кезінде Қазақстанға қатысты есепке алынған әлеуметтік желілердің жалпы аудиториясы 7,78 млн жазылушыға жетіп, 112 мың адамға (+4,05 пайыз) артты. Жарияланымдар жалпы 9,25 млн белсенділік жинаса, бейнематериалдар 34,1 млн рет қаралған.
Бұл нәтижеге көп материал жарияламай-ақ қол жеткізілді. Жарияланған материалдар саны бойынша АҚШ, Италия, Жапония, Ұлыбритания және Франция құрамалары көш бастады. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан ҰОК-нің нәтижесі ең алдымен жарияланымдардың тиімділігін және олардың аудиторияны белсенді әрекетке ынталандыра алғанын көрсетеді.
IRIS Sport зерттеуіне сәйкес, Олимпиада-2026 кезінде көрерменнің спортшылар туралы материалдарға көбірек қызығушылық танытқаны анықталды. Аудиторияның белсенділігін арттырған жарияланымдардың қатарында спортшылардың эмоциясы, жеңісі мен медальдары, жарысқа дайындығы, жеке оқиғалары және Олимпиада ойындарының тасадағы сәттері туралы материалдар басым болды. Спорттық нәтижелерге тікелей қатысы жоқ контент те жоғары қызығушылыққа ие болған.
Қазақстан ҰОК-нің жұмысында дәл осы бағыттарға басымдық берілді. Ұлттық құрама мүшелерінің өздерін, олардың шынайы эмоцияларын көрсетуге мән беріліп, спортшылардың өздері де контент дайындауға белсенді қатысты. Бірлескен жарияланымдар да аудиторияны кеңейтіп, жанкүйерлердің қызығушылығын арттырды. Мұндай формат әсіресе Instagram желісінде жоғары нәтиже көрсетті.
— Біз үшін әлеуметтік желідегі белсенділік бойынша жоғары нәтиже көрсетіп, қатарынан екінші Олимпиада ойындарында да үздіктер қатарында болу өте маңызды. Парижде өткен жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан ҰОК бұл көрсеткіш бойынша екінші орын алған еді. Ал 2026 жылғы Олимпиаданың нәтижесі бойынша бірінші орынға көтерілдік. Бұл атқарылып жатқан жұмыстың жүйелі екенін және ең бастысы, қазақстандықтардың ұлттық құрамаға деген қызығушылығы өте жоғары екенін көрсетеді. Біздің жанкүйерлеріміз өте белсенді. Олар спортшыларымызды бақылап, қолдау білдіреді, пікір қалдырады, жарияланымдармен бөліседі және құрамамен бірге олардың ең жарқын сәттерін бастан өткереді. Қазақстан ҰОК-нің халықаралық рейтингте тағы да көшбасшылар қатарынан көрінуіне жанкүйерлердің осы белсенділігі көп ықпал етті. Спортшыларымызға қолдау көрсетіп, Олимпиада бойы олармен бірге болған әр жанкүйерге шын жүректен алғыс айтамыз, — деді Қазақстан ҰОК-нің маркетинг департаментінің директоры Гүлназ Шукенова.
Айта кетейік, таңдалған тәсілдің тиімділігі ANOC Digital Accelerator Programme аясында да жеке бағаланды. Қазақстан ҰОК 2026 жылғы Олимпиада кезінде әлеуметтік желілермен жұмыс істеудің ең тиімді тәсілдеріне арналған IRIS Sport кейс-стадиін дайындау үшін таңдалған екі Ұлттық Олимпиадалық комитеттің бірі болды.
Бұған дейін хабарланғандай, Михаил Шайдоров Италиядағы Олимпиада ойындарының чемпионы атанды.