19:06, 20 Ақпан 2018 | GMT +5
Олимпиада: Биатлоншыларымыз аралас эстафетаны 18-ші орынмен аяқтады
ПХЕНЧХАН. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан ХХIII қысқы Олимпиада ойындарында бүгін биатлоншыларымыз аралас эстафетаны 18-ші орынмен аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
2х6 шақырым және 2х7,5 шақырымдық аралас эстафетаға Қазақстаннан екі ер, екі әйел спортшы, яғни әйелдер арасында Галина Вишневская мен Алина Райкова қатысса, ерлер арасында Максим Еремин мен Максим Браун бақ сынады.
Жалпы аралас эстафетаға 20 команда қатысқан болатын. Бірақ Словакия мен Литва дисквалификацияға байланысты жарысты аяқтай алған жоқ. Сонымен, біздің отандастарымыз мәре сызығын 1: 14: 13.7 уақытта кесіп өтіп, ең соңғы орынды қанағат тұтты. Олар жеңімпаз командадан 5: 39.4 минутқа артта қалып қойды.
Аталған додада бас жүлдені Франция (1: 08: 34,3) құрамасы жеңіп алса, екінші орынды Норвегия (+20,9), ал үздік үштікті, яғн қола жүлдені Италия (+ 26,9) командасы жеңіп алды.