Олимпиада чемпиондары елордалық оқушыларға дене тәрбиесі сабағын өткізді (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - 7 сәуірде аталып өтілетін Дүниежүзілік денсаулық сақтау күні аясында №56 мектепте әдеттен тыс дене тәрбиесі сабағы өтті. Әртүрлі жастағы оқушылар еліміздің танымал спортшыларының және кәсіпқой фитнес нұсқаушылардың жетекшілігімен жаттығулар орындады.
«Физкульт-Ура!» жобасының басты міндеті - жасөспірімдердің салауатты өмір салты мен спортқа деген қызығушылығын ояту. Жыл бойы спорт жұлдыздары елордалық мектептерде 25 сабақ өткізеді. Бүгін дене тәрбиесі сабағында олимпиада чемпиондары Юрий Мельниченко мен Ермахан Ыбрайымов мұғалім болды, деп жазады елорданың ресми сайты.
«Бұл - толығымен әлеуметтік жоба, балаларға, өскелең ұрпаққа дене тәрбиесінің әр баланың өмірінде маңызды екендігін көрсетпекпіз. Мектептерде оқытылатын сабақтарды ұдайы жетілдіріліп отыруы керек. Егер мектептен шыққанда сау болса, кәмелеттік жасқа толғанда өз жолдарын өздері таңдайтын болады - біреуі өнер, біреуі мәдениет жолына түссе, басқалары кәсіптік спорттық дағдыларын дамытатын болады», - деді олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко.
Сабақта спортшыларға қаладағы үздік фитнес-нұсқаушылар да көмектесті. Олардың пікірінше, сабақты қызықты әрі тиімді өткізу үшін аса қымбат қондырғылар, залдарды арнайы жарықтандырудың қажеті жоқ, ойын технологиялары мен элементтерін қолданса да жеткілікті.
Сабақтан кейін оқушыларға танымал спортшылардың қолы қойылған күнтізбелер таратылды.
Шараны ұйымдастырушы - «Астана» президенттік кәсіптік спорт клубы, Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы және елорда әкімдігі - аталған жобаға еліміздің өзге де өңірлері қолдау көрсетеді деп үміттенеді.
Айта кетейік, Қазақстанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау күніне орай жыл сайын флешмобтар, жүгіру мен түрлі акциялар ұйымдастырылады. Биыл 7 сәуірде барлық қалалық емхана мен ауруханаларда бір уақытта жаттығу жасалады.