Олимпиада Чемпиондары қанша ақша алады?

Бұл туралы Азаттық сайты жазады.
Қазақстан 27 шілде мен 12 тамыз аралығында Лондонда өтетін олимпиадада алтын медаль алған спортшыға 250 мың доллар, күміске - 150 мың доллар, қола медаль алған спортшыға - 75 мың доллар сыйақы берілетінін мәлімдеді.
Gazeta.ru агенттігінің хабарлауынша, Ресейде алтын медаль алған спортшының сыйақы көлемі Бейжің олимпиадасымен салыстырғанда 30 мың долларға өскен (128 мың доллар немесе 100 мың еуро). Күміс және қола жүлдеге ие болғандар тиісінше 82 мың және 56 мың доллар (яғни 60 мың және 40 мың еуро) алады.
Беларусь үкіметінің тағайындаған сыйақысы да дәл осы көлемде. Моjazarplata.com.uа экономикалық порталының мәліметіне қарағанда. Украинада сыйақы мөлшері Бейжің ойындары кезіндегімен бірдей: алтынға - 85 мың доллар, күміске - 62 мың доллар, қолаға - 41 мың доллар. Ал Тәжікстан чемпиондарға 62 мың доллар тағайындап отыр. Күміс (52 мың доллар) пен қола (42 мың доллар) алғандар да құр алақан қалмайды.
«Мир» телеарнасының хабарлауынша, Қырғызстан үкіметі алтын алған спортшыға 150 мың доллар бермек.
Reuters ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Хорватия елі алтын медаль әкелген атлетке 27 мың 500 еуро, күміске - 17 мың 500 еуро, қола алған спортшыға 12 мың еуро ұстатады.
Болгарияда сыйақы мөлшері Хорватияға қарағанда көп: алтын - 102 мың 500 еуро, күміс - 82 мың 100 еуро, қола - 71 мың 800 еуроға «бағаланған».
Литва жеңіске жеткен спортшыға 116 мың еуро бермек. Екінші орын алғандар 72 мың 500 еуро, ал қола жүлдегер атанғандар 43 мың 500 еуро алады.
Чехияның сыйақы мөлшері Литвадан аз. Чех елі олимпиададан алтын әкелген атлетке 75 мың еуро дайындап отыр. Ал күміс пен қола жүлдені иеленгендердің сыйы екі есе аз - 37 мың 500 және 22 мың 500 еуро.
Италия алтын әкелген спортшыға 140 мың еуро, күміс жүлдегерге 75 мың еуро, қола алған адамға 40 мың еуро бермек.
Ал The Telegraph басылымының хабарлауынша, чемпионға Франция - 41 мың 500, Қытай - 35 мың, Жапония - 23 мың, Оңтүстік Корея - 22 мың, Австралия мен Германия - 12 мың фунт стерлингке тең сыйақы тағайындапты.
АҚШ-та олимпиада чемпиондарына берілер сыйақы көлемі 18 жылдан бері 25 мың доллар күйінде өзгермей келеді.
Швеция мен Норвегияда олимпиада жүлде алған спортшыларға ақша берілмейді. Есесіне чемпиондар құрметіне елдегі географиялық аймақтарды атайды. Жеңімпаздарға демеушілер сыйлық беруі мүмкін. Ал Солтүстік Кореяда жеңімпаздарды арнайы мемлекеттік наградамен марапаттайды. Ұлыбритания да жүлдегерлерге сыйақы тағайындамайды.
Дереккөзі:Азаттық