Олимпиада чемпиондары В.Смирнов пен О.Рыпакова Астанадағы сүйікті орындарын атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіз Қазақстан тарихында шаңғы жарысы бойынша тұңғыш Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов және Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, жеңіл атлетші Ольга Рыпакова Астанадағы сүйікті орындарын атады.

Олимпиада чемпиондары В.Смирнов пен О.Рыпакова Астанадағы сүйікті орындарын атады

«Астаналық парк және жаңа алаңдар. Бұл орындар өте заманауи және қалаға ерекше әр береді, ондағы атмосферада жанданған өмір бар, қала ырғағы бар», - деді В.Смирнов қала күні қарсаңында «ҚазАқпарат» агенттігіне. Астаналық парк аумағында орналасқан шаңғы жарыстары ұлттық федерациясының президенті Астанаға жақын Ақмола облысы, Шучье қаласында туғанын атап өткен жөн.

Ал «спорт патшайымы» яғни жеңіл атлетика өкілі О.Рыпакова Өскемен қаласында дүниеге келген. Елордада оның туыстары жоқ, сондықтан бұл қалаға көп келе бермейді.  Астанаға спорттық іс-шаралар, кездесулер мен шақыртулар аясында ғана сапар шегеді. 

«Әдетте, мен Астанаға 1-2 күнге ғана келемін. Қаланы өте тез, асығыс қарап шығамын. Әрине, қаланың дамуы мен сұлулығын байқамау мүмкін емес. Бізде өте сәулетті астана бар. «Астана Опера» жаңа театрына жол түсті. Өте әдемі жер, маған қатты ұнады. Орталық көшелер де өзінің сән-салтанатымен таңдай қақтырады», деп спортшы өз ойымен бөлісті.

«Біз әлемнің көптеген қалаларында болдық, барлық қаланы бір-бірімен салыстыра қараймыз және Астана шын мәнінде әдемі қала. Ол өзінің сұлулығымен басқалардан асып түспесе, еш кем емес. Мен сөйлесетін шетелдік спортшылардың көпшілігі Астана туралы жақсы пікірде», - деді О.Рыпакова.

1994 жылдың 6 шілдесінде ҚР Жоғарғы Кеңесі ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылдады. 1997 жылдың 10 желтоқсанында астананы ресми түрде көшірді. Жаңа астананы халықаралық таныстыру рәсімі 1998 жылы 10 маусымда өтті. 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен Астана «Әлем қаласы» атағын жеңіп алды. 2000 жылдан бастап, Қазақстанның бас қаласы астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі. 

Астана - Азияның ең солтүстігінде орналасқан астана. Бүгінде Астана аумағы 722 шаршы шақырымнан асады. Халық саны - 853 мың адам. Қала үш ауданнан тұрады - «Алматы», «Сарыарқа» және «Есіл» аудандары.