Олимпиада чемпионы - Алматы қаласының құрметті азаматы
АСТАНА 25 қыркүйек. ҚазАқпарат - Жексенбі күні Алматының жақсы оқиғасының бірі грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің «Алматы қаласының құрметті азаматы» атануы болды. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында хабарлады.
Спортсүйер қауымның көңілінен шыққан игі іс демалыс күні Алматыдағы Орталық стадионда өткен Қазақстан Республикасының футбол чемпионатының кезекті ойынының басталуымен орайластырылған еді.
Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов осы ойынды тамашалауға шақырылған Олимпиада чемпионын лайықты атағымен ұлықтады.
- Алматы қашанда Қазақстанның спорттық ордасы да болып табылады. Біздің спортшыларымыз соңғы Олимпиадада 200 мемлекеттің ішінен 12-орынға табан тіреп, төбемізді көкке жеткізді. Бұл, әрине, біздің мақтанышымыз. Алайда, кейде біздер қазақстандық спорттың дамуына өлшеусіз қажыр-қайрат жұмсаған ардагерлерімізді ұмытып кетіп жатамыз. Өткен аптада қалалық мәслихаттың шешімімен кезінде грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы атанған Жақсылық Үшкемпіровке «Алматы қаласының құрметті азаматы» деген атақ беру ұйғарылды, - деді қала әкімі.
Қала басшысы майталман спортшының кеудесіне «Құрметті азамат» деген белгіні тағып, куәлігін табыстады.