Олимпиада чемпионы Баландин неге қарқынын жоғалтып алды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин Қазақпарат тілшісіне Әлем чемпионатында және жазғы Универсиадаға дайындықта неге төмен нәтиже көрсеткенін айтып берді.
Еске салсақ, бір жыл бұрын Дмитрий Баландин Риода өткен Олимпиада ойындарында кеудемен жүзуде 200 метр ара қашықтықты 2:07,46 нәтижемен бағындырып, ел қоржынына «алтын» әкелген еді.
Биылғы маусымда спортшы өзінің қарқынын жоғалтып алды.
Будапеште өткен Әлем чемпионатында Баландин 200 метр қашықтыққа жүзуден 2:09,69 нәтиже көрсетті. Осылайша ол финалға да өте алмай қалды.
Ол 100 метрлік қашықтықта да жасындай жарқылдай алмады.
«Нәтижелер шынымен төмендеп кетті. Биыл күнтізбемде бос уақыт болмады. Көп шаралар болғандықтан, дайындыққа уақытым аз болды», - деді Д.Баландин.
Қазір Олимпиада чемпионы жазғы Универсиада ойындарына Ұлттық құрамамен аттанып барады. Спорттық дода 19 тамызда Тайбэйде басталады.
«Әлем чемпионатынан кейін 3 аптадан соң тағы басқа спорт шарасына аттану оңай емес, әрине. 2015 жылы Универсиада мен әлем біріншілігі арасында осындай уақыт болған еді. Тек Универсиада ойындары бірінші басталған болатын», - деді ол.
Спортшы қазір өзінің нағыз бабында екендігін айтты.
«Суда жүзуім бұрынғыға қарағанда жеңілдей бастады. Өзіме деген сенімділігім мығым. Универсиададағы менің қарсыластарым кім екенін білмеймін. Басты қарсыласым - Мен өзім», - деді ол.
Олимпиада чемпионы бүгінде әскер қатарында борышын өтеп келеді. Оның айтуынша, «Динамо» спорт клубында спортпен айналысуға да, әскери борышты өтеуге де барлық жағдай жасалған.
Тайбэйде өтетін жазғы Универсиадада Баландин Қазақстан намысын 50, 100, 200 метр қашықтықта қорғайтын болады.