Олимпиада чемпионы Илья Ильинге тиісті қолдаулар жасалмай отыр - М. Әбенов

АСТАНА. Қарашаның 4-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Олимпиада чемпионы Илья Ильинге тиісті қолдаулар жасалмай отыр. 
None
None

 Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Туризм және спорт министрінің атына сауал жолдаған депутат Мұрат Әбенов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Өкінішке қарай, спортшылардан жоғары нәтижелер күтетін кезде біз оларға жіті назар аударып, жан-жақты жағдайын жасаймыз, қолдаймыз. Кейіннен әлемдік додадағы жеңістері үшін мәз болып «төбемізге көтереміз». Бұдан кейінгі өмірде сол спортшыларды ақырындап ұмыта бастап, тіпті кейбіреулерін туындаған проблемасымен бетпе-бет тастап кететініміз де бар. Осындай тақырыпты көтере отырып, бұрынғы чемпиондарға тиісті назар аудармағанымыз, оларға дер кезінде қол ұшын бермегеніміз туралы да мысалдар көптеп келтіруге болады. Олардың біразы үлкен спортпен қош айтысса, жайлы жағдайлар үшін елден кеткендері де болды. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші спортшылардың кейінгі қайғылы тағдыры туралы да мысалдар баршылық.  Сондықтан да, дәл қазіргі күні талантты спортшыларға кеңінен жағдай жасауға маңыз беру қажет. Осы тұрғыдан алғанда, мен бүгінгі күні елімізге танымал спортшының бүгінгі жағдайына назар аударғым келеді. Бұндағы мәселе - жасөспірімдер  арасындағы екі дүркін әлем чемпионы, ересектер арасындағы екі мәрте әлем чемпионы, ауыр атлетиканың әлемдік федерациясы тарапынан жер шарындағы ең мықты атлетші деп танылған, ересектер арасындағы ең жас чемпион ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген, олимпиада чемпионы, «Құрмет» пен «Барыс» ордендерінің иегері Илья Ильин туралы болып отыр», деді депутат. Оның айтуынша, Бейжіңдегі олимпиада ойындарына дайындық барысында екі аяғынан бірдей үш мәрте ауыр зақым алып, кейіннен финалда қолын қатты қайырып алған И. Ильиннің, сол олимпиададан кейін белі де сыр бере бастаған. Сондықтан да, олимпиада чемпионы 2010 жылғы қаңтардың 1-іне дейін жіті жаттығуларын тоқтатып, бұл жөнінде жоғарыдағы басшылыққа ресми ескертпе хат та жолдаған екен.

«Дегенмен Илья әлі де ешқандай дәрігерлік тексерулерсіз, ем-дом қабылдаусыз отыр. Бұдан басқа, ағымдағы жылдың қыркүйегінен бастап оның Ұлттық командалар  штаттық дирекциясынан алатын айлығы тоқтатылған. Демеушілер тарапынан тағайындалған жеке  стипендиясы  да мамыр айынан бері берілмейтін болыпты. Сондықтан да бүгінгі күні ол тек негізгі қызметі бойынша жалақы алатын көрінеді. Ал бұл қаражаттың өзі емделу мен тексеруден өтуді айтпағанда, құнарлы тамақ ішуге де жетіңкіремейді. Айтпақшы, олимпиада чемпионына Астана қаласынан берілген жаңа пәтер де жекеменшік емес, қызметтік ретінде жалға берілетін пәтер екен. Емделуге тезірек қаражат табу үшін оны сатайын десе 2011 жылға дейін не сатуға немесе басқа біреуге беруге де құқы жоқ екен. Сондықтан да бұл мәселені жедел шешіп, қажет болса Үкіметтік деңгейде тиісті шараларды қамтамасыз ету керек», деді депутат М. Әбенов.

Соңғы жаңалықтар