Олимпиада қарсаңында Қазақстан спортшылары қандай жетістікке жетті, олқылықтар қандай

Олимпиада қарсаңында Қазақстан спортшылары
Фото: ҰОК

ОРАЛ. KAZINFORM – Биылғы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Франция астанасы Париж қаласында XXXIII жазғы олимпиада ойындары өтетіні белгілі. Төрт жылда бір рет келетін дүниежүзілік дода қарсаңында Қазақстан спортшылары қандай табыстарға қол жеткізді. Олар олимп биігінен көріне ала ма, ел спортының кемшін тұстары қандай? Міне, осы сауалдарға Kazinform тілшісі жауап іздеп көрді.

Қазақстандықтар бокс, дзюдо, күрес және басқа олимпиадалық спорт түрлерінен биыл да әлемдік додаларда олжа салды.

Биылғы жылдың басты жетістігінің бірі ретінде Мырзағали Айтжанов бастаған мамандар жаттықтыратын Қазақстан боксшыларының толық құрамда Париж Олимпиадасының жолдамасына ие болуы дер едік. Соңғы жолдаманы Бангкокта өткен лицензиялық турнирде 63,5 келі салмақта Мұхамедсабыр Базарбайұлы жеңіп алды. Биылғы және бір ерекшелік, Бангкокка бару үшін М.Базарбайұлы ел ішіндегі іріктеуден сәтті өтіп, жанкүйерлер мен бапкерлердің үмітін ақтады. Осылайша, Парижде Қазақстаннан Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Мұхамедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Айбек Оралбай (92 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) ел намысын қорғайтын болды. Өз тарихында үшінші рет толық құрамда барғалы отырған боксшылардан үміт күтетініміз анық. Сонымен қатар Назым Қызайбай (50 келі), Карина Ибрагимова (57 келі) және Валентина Хальзова (75 келі) жанкүйерлерін жерге қаратпас деп сенеміз. Өткен жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанған К.Ибрагимова лицензияны бірден алып, Олимпиадаға еркін дайындалса, ел ішіндегі іріктеуден өтіп, Бангкокта жолдамаға қол жеткізген Н.Қызайбай мен В.Хальзова да барын салатыны анық.

Соңғы жылдары жарқын жеңістерімен көзге түсіп жүрген Әбиба Әбужақынова биыл сол биігінен түскен жоқ. 48 келіге дейінгі салмақта ол Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен әлем чемпионатында өз спорттық жолында екінші рет қола жүлдегер атанды. Дәл осы салмақта өнер көрсететін тағы бір отандасымыз Ғалия Тынбаеваның қазақ қыздары арасында алғаш рет Астанада өткен Grand Slam турнирінде чемпион атануы көпшілікті қуантты. Ол финалдық белдесуде Париж Олимпиадасына баратын, татамиде Әбибамен де кездесіп, тайталасып жүрген ресейлік Сабина Гилязованы жеңді. Өкінішке қарай, әр елден әрбір салмақта бір ғана спортшы қатыса алады.

Дзюдодан Қазақстан ерлер құрамасы сапында 60 келі салмақта Олимпиадаға кім барады деген сауал біраз пікірталас туғызды. Ақыры рейтингісі сай келіп тұрған үш спортшы арасында ел ішінде іріктеу белдесуін өткізуге тура келді. Мұнда Мағжан Шамшадин мен Нұрқанат Серікбаевты қапы қалдырған Елдос Сметов өзінің үшінші Олимпиадасына баратын болды. Осыған дейін күміс пен қола жүлде алған Елдос Парижде алтын аламын деп бекініп отыр. Биылғы әлем чемпионатында қола жүлде үшін белдесуде ұтылып, бесінші орынды місе тұтқан тәжірибелі Е.Сметов өзінің соңғы мүмкіндігін барынша пайдаланары шүбәсіз.

2021 жылы Токио Олимпиадасында теннисші Елена Рыбакина жүлдеге қол созым жерден тоқтаған еді. Алдымен жартылай финалда швейцариялық Белинда Бенчичпен өткен ойында сәл-пәл сәттілік жетіспесе, қола жүлде үшін бәсекеде украиналық Элина Свитолинаға есе жіберген еді. Содан бері Е.Рыбакинаның тәжірибесі толысты, шеберлігі артты. 2022 жылы Уимблдон турнирінің чемпионы атанса, өткен жылы Аустралия ашық чемпионатының финалына дейін жетіп, Индиан-Уэллс пен Майами WTA 1000 жарыстарында үздік шықты. Биыл Брисбен мен Штутгарт WTA 500 турнирінің чемпионы атанған Е.Рыбакина Ролан Гарроста ширек финалға дейін жетті. Теннистен Олимпиада додасы топырақ төсенішіндегі корттарда өтетінін ескерсек, Елена Қазақстанның басты үміттерінің бірі екені анық. Сондай-ақ биыл тым тәуір өнер көрсетіп, әлемдік рейтингіде рекордтық 17-орынға дейін көтерілген Александр Бублик пен 41-сатыдағы Юлия Путинцева намысты қолдан бере қоймас. 

Жылдың басты өкінішінің бірі ретінде әйелдер күресінен Қазақстан құрамасының Олимпиададан шет қалуы дер едік. Алдымен Бішкек қаласында, содан кейін Ыстанбұлда қазақстандық балуан қыздар бірде-бір жолдамаға иелік ете алмады. Бішкекте әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері Жәмила Бақбергенова 76 келі салмақта көздеген межеден көріне алмаса, Ыстанбұлда оның орнын басқан, Рио олимпиадасында үздік үштіктен көрінген Эльмира Сыздықова лицензиясыз қайтты. Басқа қыздар да үмітті ақтамады.

Еркін күрестен Ыстанбұлдағы іріктеу турнирінде Рахат Қалжан (57 келі), Адлан Асқаров (65 келі), Нұрқожа Қайпанов (74 келі) жолдамадан тыс қалды. Еркін және грек-рим күресінен лицензияға қол жеткізген Азамат Дәулетбеков, Әлішер Ерғали, Юсуп Батырмұрзаев, Айдос Сұлтанғали, Демеу Жадыраев, Нұрсұлтан Тұрсынов, Әлімхан Сыздықов сияқты балуандарға ғана үміт артамыз. Сондай-ақ қазақстандық ауыр атлеттердің алғаш рет Олимпиадаға қатыспайтыны жекелеген спорт түрлерінде тоқырау бар екенін көрсетеді.

Биыл Токиода өткен байдарка мен каноэ есуден Азия чемпионатында жеңімпаз атанып, лицензия алғандар арасында батысқазақстандық Мария Бровкова да бар. Осыған дейін жасөспірімдер арасында әлем чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін жүлдегері атанып үлгерген ескекшінің анасы әрі бапкері Елена Бровкованың айтуынша, қызы Мария Париж Олимпиадасында 200 метр қашықтықта жекелей сында және 500 метрде Руфина Искаковамен бірге сынға түседі.

«Қызым қазір Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Польшада дайындалып жатыр. Шілде айының ортасында Болгарияда 23 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионаты өтеді. Осындай додалардан жүлдемен оралып, ел мәртебесін асырса, біздің де арман-мақсатымыздың орындалғаны», - дейді Е.Бровкова.

Каноэ мен байдаркадан 20 жастағы Р.Искакова да Олимпиадаға алғаш рет барғалы отыр.

«13 жасымда ескек есу спортына келгенімде, ағайынды Сергей және Тимофей Емельяновтар Азия ойындарының, Азия чемпионаттарының және халықаралық жарыстардың жеңімпазы, жүлдегері ретінде еліміздің даңқты спортшылары болатын. Сол кісілерге қарап бой түзеп, ірі жарыстардың жеңімпазы болуды армандадым. Былайша айтқанда, Емельяновтар осы спорт түріндегі үлгі тұтар спортшыларым болды», – дейді Руфина Искакова.

Ұлттық құраманың бас бапкері Қайсар Нұрмағамбетов Руфинаны болашағынан үміт күттіретін спортшылардың бірі деп есептейді.

«Руфина Искакова 2021 жылдан бері ұлттық құрама сапында жаттығып келеді. Аз уақыттың ішінде үлкен нәтиже көрсеткен талантты спортшыларымыздың бірі. 2023 жылы Италияда жастар мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында топ жарып, ел мерейін асырды. Көркем мінезді, кез келген қиындыққа шыдамды. Соның арқасында ол үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді», – дейді бас бапкер.

Осылайша, біз бірқатар спорт түрлеріне ғана тоқталдық. Қай спорт түрі болмасын, спортшыларымыз жеңіс тұғырынан көрініп, көк байрағымызды желбіретіп, Әнұранымызды орындатса, тұтас Қазақстан үшін ортақ қуаныш болмақ. Әсіресе, қыр астында Париж Олимпиадасы тұрған кезде.

Токиода Қазақстан атынан 97 спортшы спорттың 28 түрінен бақ сынап, барлығы сегіз қола алып, алғаш рет алтын мен күміс жүлдесіз қалған еді. Биыл сол жағдай қайталанбаса екен дейміз.

Соңғы жаңалықтар
telegram