Олимпиада ойындарында Қазақстанның Әнұранын орындаймын деп үміттенемін – альпинист Әмір Маймұратов
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Парижде өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға жолдама жеңіп алған 28 жастағы құзға өрмелеуден қазақстандық спорт шебері Әмір Маймұратов елге оралды.
Қазақстандық құзға өрмелеушілер командасы Алматыға бүгін таңға жуық келді. Оларды федерация өкілдері, жас спортшылары, дос-жарандары күтіп алды.

Астана қаласындағы аға жаттықтырушы және спорттық құзға өрмелеу бойынша ҚР жаттықтырушысы Клара Слуцкаяның айтуынша, бұл іріктеу турнирі жас қазақстандық спортшы Әмір Маймұратов үшін сәтті өтті. Кәсіби шеберлікті анықтайтын раундтың бірінде ол 4,95 секунд нәтижемен бірінші орын алып, 1/8 финалына жолдама алды. Сөйтіп, финалға жетті. Онда тек Қытайдан келген қарсыласынан жеңіліп, күміс медаль алды. Екі серияның қорытындысы бойынша Әмір 75 ұпай жинап, жалпы есепте 3-орынға шығып, олимпиадалық лицензияны қоржынға салды.
«Әмірдің аналитикалық қабілеті өте жақсы, бұл оның халықаралық жарыстарда табысқа жетуіне үлкен септігін тигізеді. Ізденімпаз спортшы. Ол құзға өрмелеу спортына, атап айтқанда, «жылдамдық» тәртібінің дамуына үлкен үлес қосты. Жылдамдық - өте қарқынды, динамикалық спорт. Әлемде ерлер 15 метрді 4,64 секундта жүгіріп өтеді – бұл әлемдік рекорд. Әмір енді 15 метрлік құзда жаңа Қазақстан рекордын орнатты», - деді Клара Слуцкая.
Отандасымыз осыдан екі күн бұрын Венгрия астанасында өткен іріктеу сериясының финалында екінші орын иеленді. Оның қарсыластары Индонезия мен Қытайдың мықты спортшылары болды. Олардан басым түскен Әмір тынбай жаттығып, Олимпиададан алтынымен оралуды көздеп отыр.

«Қарсыластарым өте мықты болды. Мен бірінші орынға үміттендім, бірақ екінші орын алдым. Өзіме сенімді болсам да, тым асығыстық жасап, күшімді қате есептегендей болдым. Олимпиадада ел үмітін ақтаймын деп сенім білдірем. Енді жаттығуға қайта кірісем. Олимпиада ойындарында Қазақстанның Әнұранын орындаймын деп үміттенемін», – дейді Әмір Маймұратов.
Будапештте өткен іріктеу турниріне Әмірден бөлек, Қазақстан атынан Ришат Хайбуллин де қатысты. Ол 1/4 финалға шықты.
«Ришатты өзімнің қарсыласым деп санаймын ба? Негізі мен бірде-бір адамды қарсыласым деп санамаймын, өйткені мен өз күшіммен жүгіремін, тіпті жарыстарда біреумен жүгірсек те, мен оның уақытына қарсы жүгіремін. Ришатпен жақсы қарым-қатынастамыз», - деді ол.
Альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының вице-президенті атап өткендей, қазір елімізде бұл спорт түрі жақсы дамып келеді. Әсіресе, Алматы, Астана, Қарағанды мен Шымкенкентте оң жолға қойылған. Құзға өрмелеумен 5 мыңнан астам адам айналысады.