Олимпиада: Пхенчанда чемпион атанған қазақ қызы Бейжіңде жүлдесіз қалды
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Беларусь құрамасының атынан биатлоннан сынға түсіп жүрген қазақ қызы Динара Әлімбекова Бейжің Олимпиадасында 15 шақырымдық жекелей сында 5-ші орын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биатлоншылар бәсекесінде германиялық Дених Херрман 44:12.7 (0+0, 1+0) нәтижесімен бас жүлдені жеңіп алды. Екінші орынды +9.4 (0+0, 0+1) көрсеткішімен франциялық Анаис Шевалье-Буше қанжығасына байлады. Ал үздік үшінші орынға +15.3 (1+0, 0+1) қорытындысымен норвегиялық Марте Олсбю-Ройселанн ие болды.
Әлімбекова чемпионнан 31,7 секунд ұтылып, бесінші орынды місе тұтты. Бірақ, із кесу жарысына жолдама алған 60 спортшының қатарына енді. Демек, алдағы уақытта медальға таласуға мүмкіндігі бар.
Естеріңізде болса Динара Әлімбекова осыдан төрт жыл бұрын Оңтүстік Кореяның Пхенчан қаласында өткен Олимпиада ойындарында чемпион атанған болатын. Онда ол чемпиондық атаққа биатлоннан әйелдер арасындағы 4х6 шақырымдық эстафеталық жарыста қол жеткізген болатын. Сол тұста Беларусь құрамасында Динара Әлімбековамен бірге Надежда Скардино, Ирина Кривко және Дарья Домрачева есімді спортшылар сынға түсті.
Динара Әлімбекованың әкесі – қазақ, аты – Талғат. Шешесі – беларусь. Әлімбекова 1996 жылы 5 қаңтарда Қарағанды қаласының іргесіндегі Абай ауданында дүниеге келген. Үш жасында Беларусь еліне қоныс аударған спортшы қыз кішкентай кезінен биатлонмен айналысады.