ОЛИМПИАДА СПОРТШЫЛАРЫМЕН ТАНЫСУ: Тұманды Альбионда таэквондо бойынша Қазақстан намысын 3 спортшы қорғайды

«ҚазАқпарат» агенттігі дәстүрлі түрде аптаның әр жексенбісінде осы айтулы спорттық шарада Қазақстанның намысын қорғайтын спортшыларды таныстыруды жалғастырады. Осы жолы біз оқырман қауымын Олимпиада ойындарында таэквондодан еліміздің құрамасының өкілдерімен таныстырмақпыз.
Атап айтқанда, осы спорт түрінен Қазақстан намысын Нұрсұлтан Мамаев, Гүлнафис Айтмұхамбетова және Феруза Ергешова қорғайтын болады. Бұл үш спортшыда да осы тартысты додада жетістіктері аз емес. Осы орайда, таэквондодан Лондонға баратын спортшыларымызды таныстыру барысында құраманың бас жаттықтырушы Қайрат Қырғызбаевтың пікірін оқырман назарына ұсынамыз.
Нұрсұлтан Мамаевқа біздің жаттықтырушылар үлкен сенім артып отыр. Он сегіз жастағы спортшы Қызылорда облысында дүниеге келген, ал қазір Шымкентте тұрып жатыр. Таэквондомен алты жасынан айналысып келеді. Ол Қазақстанның жасөспірімдер арасындағы аға жаттықтырушы Бауыржан Аманқұловтан тәлім алуда. Нұрсұлтан 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 2010 жылы Сингапурдағы жасөспірімдер Олимпиадалық ойындарының күміс жүлдесін жеңіп алды. Қазақстанның ересектер құрамасы атынан ол былтырдан бері шығып жүр және Таиландта өткен Азия чемпионатында олимпидалық жолдаманы қанжығасына байлады.
Қайрат Қырғызбаев: «Ол жас әрі болашағы бар спортшы. Әрқашан да жеңіске деген ұмтылысы бар. Жасөспірімдер Олимпиадалық ойындарының жас жүлдегері болғанымен, онда жұлдыз ауруы жоқ. Нұрсұлтан жайында жаман айта алмаймын. Берген тәлімді тез меңгереді және тапсырмаларға тыңғылықты болғандықтан мен оны құрама қатарына қостым. Олимпиадада ол жақсы көрсеткішке қол жеткізеді деп үміт артамыз. 58 келі салмақ дәрежесінде сынға түсу ауырлау болады, алайда онда жеңіске жету мүмкіндігі бар. Нұрсұлтан бойы биік жігіт - 1 метр 80 см».
Гүлнафис Айтмұхамбетова бұрындары Ресей құрамасының сапында болды. 1988 жылдың 2 ақпанында дүниеге келген. Қазақстанға Астраханнан 2009 жылы келді. Қазіргі кезде Атырауда тұрып жатыр. Ресейлік құраманың атынан шығып жүргенде ол Еуропа чемпионы атанды. Гүлнафис бүгінде халықаралық санаттағы спорт шебері, Қазақстан чемпионаттарында екі мәрте жеңіске жетті. Азия ойындарында қола жүлдегер атанды.
«Гүлнафис тік мінезді қыз, яғни айтатынын қаймықпай бетке айтады. Біздің құраманың қатарында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Лондон Олимпиадасында медаль алуға онда жақсы мүмкіндіктер бар», - дейді Қайрат Қырғызбаев.
Феруза Ергешованы бас жаттықтырушы команданың көшбасшысы деп атады. Жиырма жастағы Феруза да аға жаттықтырушы Бауыржан Аманқұловтан тәлім алуда. Ол 2010 жылы Азия чемпионы болды. Гуанчжоудағы Азия ойындарында күміс жүлдені жеңіп алды, сондай-ақ халықаралық жарыстарда бірнеше мәрте жүлдегер атанды. Олимпиадалық жолдаманы Феруза Банкгоктегі біліктілік жарыстарында екінші орынды алған кезде иеленді. Лондонға үкілеп отырған бұл қызымыз 67 келі салмақ дәрежесінде тартысқа түседі.
Қайрат Қырғызбаев: «Феруза өте жақсы тәрбие алған қыз. Ұстанымды әрі үлкендерді құрметтейді. Оны командада және Азияда көшбасшы деп атар едім. Шын мәнінде ол өзінің қайсар мінезін дода кезінде көрсетеді. Ал өмірде Феруза - қарапайым. Бойының тапалдау болғанынан Олимпиадада оған қиын түседі. Еуропадан, Америкадан келетін қарсыластары бойшаң. Бірақ та, Феруза осы спортты жақсы меңгерген. Біз оның жеңісінен үміттіміз».