Олимпиада жолдамасына таласатын қыздарымыз Италияға аттанды
АСТАНА. KAZINFORM – Бокстан Италияда 29 ақпан пен 12 наурыз аралығында өтетін лицензиялық турнирге Шәміл Сафиуллин баптайтын бұрымды боксшыларымыз және өзге жаттықтырушылар алқасы Астанадан аттанып кетті.
ҚР Бокс федерациясы мәлім еткендей, турнир алдында боксшыларымыз Италияның Ассизи қаласында бір апталық оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Жаттығу жиынына Қазақстан құрамасынан бөлек, турнирге қатысатын 30-ға жуық команданың боксшылары дайындықтарын пысықтамақ.
Естеріңізге сала кетейік, аталған додада Париж Олимпиадасының жолдамасына қазақстан қыздарынан 50 келіде Алуа Балқыбекова, 54 келі салмақта Жайна Шекербекова, 60 келіде Римма Волосенко, 66 келіде Наталья Богданова және 75 келі салмақта Валентина Хальзова ел намысын қорғайды.
Жалпы аталған турнирде әйелдерде 21 жолдама сарапқа салынады.