Олимпиада жүлдегері екенімді бір күннен кейін ғана сезіндім - Ғұсман Қырғызбаев

ПАРИЖ. KAZINFORM – Осыдан бір күн бұрын Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев ел қоржынына қола медаль сыйлаған болатын. Бүгін ол Кazinform тілішісіне эксклюзив сұхбат беріп, өзін алғаш кім құттықтағанын, жеңісін кімге арнағанын айтып берді.

Ғұсман Қырғызбаев
Фото: Турар Казангапов

- Ғұсман Олимпиада жүлдегері болу қандай сезім сыйлайды екен?

- Медальді мойыныма тақсам да, жүлдегер екенімді ертесінде, бір күннен кейін сезіндім.

- Неге бір күннен кейін?

- Жүлдегер атанған күннің ертесінде жан-жақтан құттықтаған қоңыраулар қаптап кетті. Телефонымда маза болмады. Бір қоңыраудың үстіне бір қоңырау қабатталып жатты. Сонда ғана барып, өзімді «Олимпиада жүлдегері екенмін ғой» деп сезіне бастадым. Тіпті, елдегі журналистер үйіме дейін барып құттықтап, әке-шешемнен, бала-шағамнан сұхбаттар жазып жатыпты.

- Ең алғаш сізге құттықтау кімнен келді?

- Ең бірінші Алла қосқан жарым қоңырау шалды. Ары қарай ата-анам бірге құттықтады. Олар да телевизорға телміріп, менің күресімді тағатсыздана күтіп отырды ғой. Жеңген бойда қоңырау шалды.

- Жеңісіңізді кімге арнайсыз?

- Біз бұл медальді елге алып бара жатырмыз. Бұл қазақтың жүлдесі. Жеңісімді елге арнаймын.

- Қанша бала-шағаңыз бар?

- Қазірге Құдай берген бір ұл, бір қызым бар. Екеуі де әлі кішкентай.

- Болашақта сол балаларыңызды өзіңіз сияқты спортшы ретінде көргіңіз келе ме?

- Әрине, көргім келеді. Бірақ, өсе келе, есейе келе бала өмір жолын өздері таңдайды ғой.

- Негізі, кеше жанкүйерлер сізді финалда көргісі келді. Қарсыласыңызды ұтуға не жетпей қалды?

- Өзім де солай ойладым. Мен финалға шығам деп сеніп тұрдым. Бірақ, финал бұйырмады. Ең бастысы қола медальға таласта ұттым. Бұл да Алланың берген бағы деп ойлаймын.

- Сіз күресіп жатқанда Елдос келіп қолдау көрсетті. Бұл сізге қаншалық күш берді?

- Елдос досымның қолдауы маған рухани жақтан өте үлкен күш сыйлады. Мен татамиге шығарда ақыл кеңесін берді. Жеңесің деп жігерлендірді. Мен де оның сөзіне сеніп, серпіліп қалдым. Мен шынымен жеңуім керек деген өзіме іштей серт еттім. Қола бұйырды. Бұл көрсеткішке жетпей жатқан қаншама спортшылар бар.

- Кеше «бұл менің соңғы Олимпиадам болуы мүмкін» деп қалдыңыз. Енді, осы жеңісіңізден кейін спорттық мансабыңызды аяқтау ойыңызда бар ма?

- Қазір 30 жастан асып кеттім, келесі Олимпиадада қырыққа жақындап қаламыз. Артымызда ізімізді басып өкшелеп келе жатқан інілеріміз көп қой. Оларға да жол беруіміз керек. Бірақ, бүгін-ертең спортты тастаймын деген ой жоқ. Оны бапкерлеріммен ақылдасып шешетін дүние.

- Егер, үлкен спорттан кетіп жатсаңыз немен айналысқыңыз келеді?

- Осы сұрақты қоятын адамдар көп. Әзірге, ештеңе жоспарлап жатқан жоқпын. Жалпы, спорттан алыстап кетпеймін ғой.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарына спорттың 25 түрінен 92 жолдама жеңіп алды. Нақтырақ айтсақ, бокс, дзюдо, спортттық гимнастика, жеңіл атлетика, байдарка мен каноэде есу, оқпен ату, семсерлесу, грек-рим күресі, еркін күрес, садақ ату, стендтік ату, теннис, велошоссе, жүзу, заманауи бессайыс, таеквондо, велотрек, батут гимнастикасы, бадминтон, академиялық есу, көркем гимнастика, триатлон, үстел теннисі, құзға шығу және брейкингтен Олимпиада ойындарында сынға түседі.

Естеріңізге сала кетейік, Франция астанасы Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындары  11 тамызда мәресіне жетеді. Ойынға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарланған.

 

Соңғы жаңалықтар