Олимпиада жүлдегерлері балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтауда

Бұл туралы ҚазАқпаратқа ҚР ауыр атлетика федерациясынан хабарланды.
Аяз Ата, Ақшақар және басқа да Жаңа жыл кейіпкерлерімен бірге балаларды ауыр атлетикадан Олимпиада чемпионы Нижан Рахимов пен Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Карина Горичева құттықтауға келді.
Дәстүрге айналған мерекелік шараларға 1-14 жас аралығындағы мыңнан астам бала қатысатыны жоспарлануда. Ұйымдастырушылар балаларға сыйлықтан басқа, көңілді бағдарламалар, интерактивтік ойындар, сондай-ақ керемет мерекелік түскі ас әзірледі.
«Мұндай шараға алғаш қатысуым және бұл соңғысы емес деп ойлаймын. Мерекеге қатысып, оған тамшыдай болса да үлесімді қосқаным үшін өте қуаныштымын! Балалардың жарқын күлкісі мен бал-бұл жанған көздерін көруден артық не бар!», - дейді Нижат Рахимов.
Серік Сәпиев атындағы Боксты дамыту орталығында үш күннің ішінде «Үміт үйі», «Преображение», «Шапағат», «Құлыншақ», «Әсем», «Таңшолпан», «SOS Теміртау», «Айналайын», облыстық ОБТ балалар үйлерінен, сонымен қатар «Арман», «Үміт», «Лучик надежды» мүгедектер қоғамдарынан, Мүгедек балаларға арналған мектеп-интернаттан, Теміртау КБО-дан, Тірек-қозғалыс аппараты бұзылған балалар мектебінен балдырғандар болады.