Олимпиадада «еркек» боксшымен жұдырықтасқан өзбекстандық қызға пәтер сыйға тартылды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Олимпиаданың 1/8 финалында гендерлік дау туындаған Тайвань боксшысы Линь Юй-Тинге қарсы жекпе-жек өткізіп, жеңіліп қалған өзбек қызы Ситора Тұрдыбековаға өз елінде бір бөлмелі пәтер берілді. Самарқанд облысы Бұлыңғыр ауданының әкімдігінің нақтылауынша, пәтер жергілікті кәсіпкердің қаражатына сатып алынған

Тайвань боксшысы Линь Юй-Тинге қарсы жекпе-жек өткізіп, жеңіліп қалған өзбек қызы Ситора Тұрдыбекова
Фото: Ұлттық Олимпиада комитеті

– Жарыс өте жақсы өтті. Барынша дайындалдық, бірақ нәтиже болмады. Құдай қолдап, алдағы жарыстарда да жеңіске жетеміз деген үміттенеміз, – дейді Ситора Тұрдыбекова.

Спортшы Парижде өткен 2024 жылғы Олимпиада ойындарында 57 келіге дейінгі салмақта бірінші жекпе-жегін конголық боксшыға қарсы өткізіп, 3:2 есебімен жеңіске жеткен еді. Одан кейін 1/8 финалда екі дүркін әлем чемпионы, Қытай Тайбэйінің өкілі Линь Юй-Тинмен жұдырықтасты. Одан 5:0 есебімен жеңіліп, Олимпиадаға қатысуын аяқтады.

Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов тамыздың 13-і күні Олимпиада құрамасын ресми қарсы алу кезінде Ситора Тұрдыбекова мен Линь Юй-Тин арасындағы бокс кеші туралы да айтып өтті.

– Кейбір спортшыларымыз түрлі себептермен жүлдегер атана алмады. Бұған төрешіліктегі әділетсіздіктер және басқа да себептер түрткі болды. Бұл жолғы ойындардың ең сорақысы, менің ойымша, барлық адамдарға ұнамаған тұсы – бұл ерлердің рингке «әйел» болып шығуы, – деді Өзбекстан үкіметінің басшысы.

Айта кетейік, Линь Юй-Тин финалда польшалық Юлия Сереметаны жеңіп, алтын медальға қол жеткізді.