Олимпиадаға барар алдында Алматыда жаттығу өткіземіз - балуан Мейрамбек Қартбай

балуан Мейрамбек Қартбай
Фото: Алтынай Сағындықова

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбелік балуан Мейрамбек Қартбай бірер күн бұрын ғана Париж Олимпиадасына жолдама алды. Ол қазір Дағыстандағы оқу-жаттығу жиынында жүр. Балуан Kazinform тілшісіне шағын сұхбат берді.

- Ақтөбе үшін осы аймақта туып-өскен спортшының Олимпиадаға жолдама алуы үлкен жаңалық. Сіз осы жолдамаға қол жеткізу жолында қандай белестерді бағындырдыңыз?

- Олимпиадаға жолдама алғаныма өте қуаныштымын. 2023 жылы Сербия елінде әлем чемпионаты болды. Сол Әлем чемпионатында 6 белдесу өткізіп, соңғы белдесуінде ресейлік балуанға есе жібердім. Ол балуан сол кезде лицензия алды. Биыл ол Олимпиадаға бармаған соң жолдама маған бұйырды. Қазір біз Дағыстанда оқу-жаттығу жиынында жүрміз. Дайындық өте жақсы. Соңғы жаттығу өз елімізде, Алматы қаласында өтеді.

- 2016 жылдан бері бір салмақта, 57 келі салмағында күресіп жүрсіз. Бір салмақты ұстап тұру қиын ба? Әлде бір салмақтағы тұрақтылық қарсыласты жіті білуге көмектесе ме?

- Шынымен де, 2016 жылдан бастап бір салмақты өзгертпедім. Сол салмақта күресіп жүрмін. Бұл оңай емес. Салмақ тастау, салмақ қуып күресу шыдамдылықты талап етеді. Арман-мақсатымыз үшін барлығына төзуге тура келеді.

- Бұған дейін өзіңізге жеңіс әкелетін екі әдіс туралы айтып едіңіз. Әлі де солай ма әлде жаңа тәсілдер бар ма?

- Өзім үйренген, сәтті іске асыра алатын екі әдісім бар. Бұл рас. Ештеңе де өзгерген жоқ. Соны дамытып, шыңдап жатырмыз.

- Олимпиада жолдамасы қолыңызда. Қай елдің балуандары сіз үшін басты қарсылас болып саналады?

- Кез келген қарсылас – мықты. Әрқайсысына дайын болуымыз керек. Ешкімді бөле алмаймыз. Себебі әр елдің ең мықтысы ғана Олимпиадаға келеді.

- Жеңіс тілейміз!

Айта кетейік, Мейрамбек Қартбай — Ақтөбе облысы Темір ауданының тумасы. Ол күрес үйірмесіне 2009 жылдан бастап қатысып, кейін Есет батыр атындағы мектеп-интернатта оқыды. Кейін Алматы облысындағы республикалық спорт колледжінде тәжірибесін жетілдірді. 2021 жылы ҚазАқпаратқа берген сұхбатында «Спортшы үшін ел туын көтеріп, әнұранын қосыла шырқау ең үлкен бақыт. Әлем чемпионатында, Олимпиадада топ жарып, көк байрағымызды биікке көтеріп, жеңіс тұрғынынан көрінсем деп армандаймын» деген болатын. 

Соңғы жаңалықтар