Олимпиадаға бару – басты арманым – Нұрсұлтан Зайзағалиев

Әр спортшы Олимпиадаға баруды армандайды. Сол үшін бар өмірін осы биік мақсатқа бағындырып, тынбай жаттығады. Солардың бірі – дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Нұрсұлтан Зайзағалиев. Спортшы Kazinform тілшісінің сауалдарына жауап берді. 

спорт
Фото: кейіпкерден

– Нұрсұлтан, жасөспірімдер арасында көптеген халықаралық жарыста жүлделі болдың. Бүгінде ересектерге өтіп қана қоймай, ұлттық құраманың спортшысы атандың. Бұл туралы не айтар едіңіз?  

– Иә, жасөспірімдер және жастар арасында халықаралық додаларда ел намысын абыроймен қорғадым. 2018 жылы Павлодарда Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанғаннан кейін жолым ашылды. Макауда Азия, Анталияда Еуропа кубогінде үздік үштікке іліктім. 2022 жылы Грекияда Еуропа кубогінде үшінші, Польшада екінші орынға ие болсам, Аустрияда чемпион атандым. Сол жылы Азия біріншілігінің күміс жүлдесіне қол жеткіздім. Биыл Германиядағы Еуропа кубогында ең биік жеңіс тұғырынан көріндім. Дегенмен әлем чемпионаттарына қатысқаныммен, жолым болмады. Демек, әлі де тынбай жаттығып, шеберлігімді жетілдіре түсуім керек.

Ересектер қатарына қосылғаныма да көп бола қойған жоқ. Соған қарамастан, 2023 жылғы Қазақстан чемпионатында 66 келіге дейінгі салмақта финалға дейін қиналмай жеттім. Шешуші бәсекеде ғана менен 11 жас үлкен, самбодан әлем чемпионы, дзюдодан Гран-при жарысының жүлдегері, ақтөбелік Есет Қуановқа есе жібердім. Тәжірибенің арқасы тәжірибе ғой. Кей тұстарда оның да көп шешуші рөл атқаратынын өзіңіз де жақсы білесіз. Алдағы уақытта жолымыз әлі түйіседі деп ойлаймын. Сол кезде есе қайырар сәт те келер. 

Шүкір, бүгінде жоғарыда атап өткен жетістіктерімнің, тынбай еңбектенудің нәтижесінде Қазақстан ұлттық құрамасының сапына алындым. Ендігі мақсат – ұлттық құрама мүшесі ретінде Олимпиадаға ұпай беретін үлкен жарыстарға қатысып, жүлде алу.

– Спорттық мансабыңдағы бапкерлерің туралы да білгіміз келеді...

– Әр спортшының артында мықты жаттықтырушы тұрады. Ол шәкіртін баптап қана қоймай, екінші әкесі ретінде қамқор болып, бар білгенін үйретеді. Бірлескен жұмыс істелсе, нәтиже де болады. Спортшының өзі де еңбекқор болуы тиіс.

Бапкерлерім жөнінде айтсам, Сырым ауданында алғашқы жаттықтырушым Әскер Нұрмұханов болды. Сол кісімен келісіп, Оралдағы спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернатына қабылдандым. Ол жерде бапкерім, марқұм Нариман Бекқалиев ағайымнан көп нәрсе үйрендім. Әкемдей болды десем, артық айтқаным емес.

Оралдан кейін Алматы қаласындағы республикалық спорт колледжінде білім алдым. Содан бастап Әбет Нұржанның қоластында жаттығып, шыңдалу үстіндемін.

БҚО дзюдо федерациясының президенті Рустам Шайхиев ағамызға да айтар алғысым көп. Ол кісі ақылын айтып, жоқ жерлерімізді жамап, көмегін жасаудан жалыққан емес. Жуырда Батыс Қазақстан облысының жыл қорытындысында өзім «Спорттық мінез үшін» аталымымен марапатталсам, дзюдо федерациясының «Үздік спорттық федерация» атануы тегіннен-тегін емес. Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курсында оқып жатырмын.

– Париж Олимпиадасына жолдама алуға мүмкіндігің бар ма?

– Мүмкіндік менде өте көп. Алла қаласа, алдағы қаңтар айында Португалияда Гран-при жарысы өтеді. Ұлттық құрама жаттықтырушылары ақылдасып, мені сол жарысқа қосты. 4 қаңтарда Шымкент қаласында дода алдындағы оқу-жаттығу жиыны басталады. Жарты ай сол жерде дайындаламыз. Сосын 26 қаңтарда Португалияға жол тартамыз. Бұйырса, сол турнирде Олимпиадаға ұпай үлестіріледі. Соған қол жеткізу үшін аянбай, барымды саламын.

– Нұрсұлтан, алдағы арман-мақсаттарың қандай?

– Әр спортшының арманы – әлем чемпионаты, олимпиадада өнер көрсетіп, биік шыңнан көріну ғой. Менің де арманым сол. Туымызды көкке көтеріп, үйде тілеуімді тілеп отырған анам Шынарды қуантсам деймін. Анам мен сапарға шыққан сайын алаңдап, тақымын қысып отырады. Соны ойлап, өзіме-өзім жігер, рух беремін. Сондықтан әлемдік деңгейдегі жарыстардан жеңіспен оралғаннан басқа мақсат әзірге жоқ менде.

– Ендеше, жеңіс тілейміз. Сәттілік әрдайым жолдас болсын!

Еске сала кетейік, бұдан бұрын әлем чемпионы Мария Бровкованың БҚО-ның үздік спортшысы атанғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар