Олимпиадаға іріктеу турнирі: Абылайхан қарсыласын техникалық накаутпен ұтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Иорданияның Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінде Абылайхан Жүсіпов алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемде «қазақтың» салмағы атынып кеткен 69 келіде ел намысын қорғап жүрген Абылайхан бүгін алғашқы айқасында моңғолиялық Мишил Баттөмөрге қарсы өткізді. Аса тартысты өтіп жатқан жекпе-жектің үшінші раундында қарсыласының қабағы жарылып кетті. Өкінішке қарай, ауыр жарақат алған монғолиялық боксшыға рингідегі төреші ары қарай жекпе-жеті жалғастыруға жол бермеді. Нәтижесінде, алғашқы раундтарда басымдық танытып келе жатқан Жүсіповті төрешілер бір ауыздан жеңімпаз деп тапты.

Осылайша Ғалымбек Кенжебаев баптайтын ұлттық құрама боксшылары әзірге жеңіліссіз келе жатыр.

Осыған дейін хабарлағанымыздай ерлер арасынан шаршы алаңға бірінші болып шыққан 63 келі салмақта Зәкір Сафиуллин, екінші рет шаршы алаңға көтерілген 81 келі салмақтағы Бекзат Нұрдәулетов және қазақстандықтар сапынан ерлер арасында үшінші болып айқасын өткізген 75 келі салмақтағы Әбілхан Аманқұл да алғашқы айқасын жеңіспен бастағаны туралы жазған болатынбыз.

Жалпы, аталған Амман қаласында өтіп жатқан олимпиадалық іріктеу турниріне бас бапкер Кенжебаев 8 боксшыға үміт артып алып келген болатын.

Олар 52 келі салмақта Сәкен Бибосынов, 57 келіде Серік Теміржанов, 63 келі салмақта Зәкір Сафиуллин, 69 келіде Абылайхан Жүсіпов, 75 келі салмақта Әбілхан Аманқұл, 81 келіде Бекзад Нұрдәулетов, 91 келі салмақта Василий Левит және аса ауыр салмақта (+91) Қамшыбек Қоңқабаев бар.

Соңғы жаңалықтар