Олимпиадалық комитет «Хабар» арнасымен бірлесіп, үздік спортшыларды анықтайды

 АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитеті «Хабар» агенттігімен бірлескен «Жылдың Ұлттық спорттық жүлдесі» байқауын өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Байқау осы қараша айында бір ай бойы жалғасады. Әрбір қазақстандық ең мықтыларды өздері таңдайтын болады.

Байқау Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаевтың бастамасымен осымен үшінші рет өткізіліп отыр. Бұған дейінгі жылдың спорттық сыйлығының жеңімпаздарының құрамында ҰОК пен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері бар арнайы комиссия таңдап келсе, биыл енді оларды жанкүйерлердің өздері анықтамақ.

«Жыл ішіндегі спорттық күнтізбе түрлі жарыстарға толы болады. Әр спорт түрі бойынша халықаралық бәсекелер өтіп жатады. Сол бәсекелерде біздің спортшылар ел намысын абыроймен қорғап, жақсы нәтижелер көрсетуде. Биыл «Ұлттық» деген мәртебе алып отырған «Спорттық жүлде» биылғы жылды қорытындыламақ. Біз барлық жанкүйерлерді үздіктерді анықтау шарасына белсенді қатысуға шақырамыз», - дейді ҚР ҰОК Бас хатшысы Данияр Әбілғазин.

«Хабар» телеарнасының директоры Сандуғаш Рақымжанова: «Біз «Хабар» телеарнасының эфирінде түрлі спорттық шараларды көрсетіп жүрміз. Байқағанымыз спорт адамдарды біріктіреді. Осы жолы да жанкүйерлер сүйікті спортшыларына дауыс беру үшін бірігеді деп ойлаймыз. Спорттық жүлдені көрермендер 2 желтоқсан күні біздің арнамыздан тамашалап, жақсы әсер аларына сенеміз»,-дейді.

2017 жылы «Жылдың Ұлттық спорттық жүлдесі» жаңа телевизиялық форматта өтеді. Жанкүйерлер өздері таңдаған спортшыға дауыстарын бере алады. Дауыс беру ҚР ҰОК www.olympic.kz ресми сайтында қарашаның 28-не дейін жалғасады. Осы айдың ортасында жүлденің әрбір номинациясында ұсынылған үміткерлер туралы, олардың үстіміздегі жылдағы жетістіктері туралы толық мәлімет беретін арнайы күнделіктер «Хабар» арнасында эфирге шықпақ.

Жеңімпаздар келесі номинациялар бойынша анықталады:

1. «Жазғы спорт түрлері бойынша үздік спортшы»
2. «Қысқы спорт түрлері бойынша үздік спортшы»
3. «Үздік жас спортшы»
4. «Жазғы спорт түрлері бойынша үздік жаттықтырушы»
5. «Қысқы спорт түрлері бойынша үздік жаттықтырушы»
6. «Олимпиадалық спорт түрлері бойынша үздік федерация»
7. «Үздік спорттық өңір» (республикалық маңызы бар қалалар, облыстардың дене шынықтыру және спорт басқармалары)
8. «Жыл жаңалығы»
9. «Жылдың үздік командасы»

Жылдың спорттық жүлдесінің қорытындысы салтанатты түрде үстіміздегі жылдың 30 қарашасында шығарылмақ. Жобаға «Hilton Astana» отелі, Toyota Motor Kazakhstan компаниясы қолдау білдірді.

Соңғы жаңалықтар