Олимпиаданы ерте аяқтаймын деп мүлде ойламаған едім – Камила Берліқаш
ПАРИЖ. KAZINFORM — Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында дзюдодана әйелдер арасында ел намысын қорғаған Камила Берліқаш белдесуін қорытындылады.

«Бұл Олимпиада мен үшін ерте аяқталды. Осындай ерте аяқтаймын деп мүлде ойламаған едім. Негізі, Парижден елге жүлдемен қайтамын деп жоспарлаған едім. Өкінішке қарай, жоспарымды іске асыра алмадым. Бірінші белдесуде моңғол балуанына жол бердім. Үш шидо алып, ұтылып қалдым», - деді дзюдошы.
Сондай-ақ, бұл қарсыласыңмен осыған дейін де күресіп, ұтылып қалғанын да жасырмады.
«Бұл спортшымен осыдан бұрын да күресіп, ұтылып қалған едім. Осы жолы есемді қайтарамын деп ойлаған едім. Ол екеуміз Азия ойындарында кездесіп, қосымша уақытта «ваззари» ұпайымен жеңіліп қалған болатынмын», - деді Камила Берліқаш.
Айта кетсек, жалпы Париж Олимпиадасына ерлерден 5, әйелдерден 3 дзюдошы келген. Олардың арасынан Елдос Сметов чемпион атанса, Ғұсыман Қырғызбаев қола медаль жеңіп алды. Әйелдер арасында ең үздік нәтижені Әбиба Әбужақынова тіркеді. Ол қола медаль үшін белдесуде қарсыласына жол беріп, 5-орынды қанағат тұтты.
Енді, ертең, 3 тамызда ұлттық құрама командалық сайыста сынға түседі. Ал 4 тамыз күні чемпион Елдос Сметов бастаған дзюдо құрамасы елге қайтады.