Олимпиаданың 3 алтынын олжалаған беларустық Домрачева 450 мың доллар сыйақы алады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сочи Олимпиадасында үш алтын медаль еншілеген беларустық биатлоншы Дарья Домрачева 450 мың доллар сыйақы алатын болды.
Ел басшылығының шешіміне сәйкес, Сочи Олимпиадасының жеңімпазы 150 мың доллар, күміс жүлдегер 75 мың, ал қола еншілеген спортшы 50 мың доллар сыйақы алуы тиіс. Ал Дарья Домрачева болса, елінің абыройын асқақтатып үш рет жеңіс тұғырына көтерілді.
Беларусь саңлағы екінші алтынды қанжығасына байлаған кезде аты аңызға айналған палуан, олимпиаданың үш дүркін чемпионы Александр Медведь «өзінің рекордын беларусь биатлоншысының қайталауына қарсы еместігін мәлімдеген. «Егер Даша үшінші рет Олимпиада жеңімпазы атанып, мені қуып жетер болса, оған тек қуанар едім»,-деген еді ол. Даңқты палуанның айтқаны келді. Қазіргі уақытта әлеуметтік желіде бір-бірін құттықтасып жатқан осы елдің жанкүйерлерінің қуанышында шек жоқ.