Олимпиаданың ашылу салтанаты күні Сочи қаласында қызғалдақтар бүр жарады
АСТАНА. 22 қаңтар. ҚазАқпарат - Сочи Олимпиада қонақтары мен көрермендерін қарсы алуға қызу дайындық үстінде. Мұнда қонақтардың алды 24 қаңтардан бастап келе бастайды, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС. Қаланың қызмет көрсету орталықтары «әрдайым әзір» режиміне көшу үстінде.
«Теміржолшылар да Сочи бағытын бетке алатын жолаушылар санының көп болатындығын біледі. Солтүстік Кавказ темір жолымен 6 ақпаннан бастап Адлер-Краснодар бағытындағы қосымша № 604/603 жолаушылар пойызы жолға шығады. Ол шеткері аудандарда тұратын жұртшылықты тасымалдауға арналады», - дейді жол қызметінің баспасөз қызметінен.
Сапаржайлар мен әуежайларда туристерді ерікті гидтер қарсы алатын болады, олар келушілерге қонақүйлер мен Олимпиада объектілеріне баратын жолдарды нұсқап, көмек көрсетеді. Ойынды ұйымдастыруда өз еркімен көмек қолын ұсынғандар керек-жарақтармен, тегін SIM-карталарымен қамтамасыз етілді, енді олар шипажай аймағының картасымен егжей-тегжейлі танысып жатыр.
Мәдени шаралар өтетін және жанкүйерлер жиналатын алаңдарда спортшыларды марапаттау салтанатын және сахна жұлдыздарының өнерін ауқымды етіп көрсететін үлкен экрандарды орнату жұмыстары аяқталып қалды.
2014 жылғы ойындар астанасының қонақжайлылығын паш ету ісіне көгалдандырушылар да өз үлестерін қоспақ. Гүлзарларда, саябақтар мен спорт объектілеріне апаратын жолдардың бойында жарты миллионнан астам жұпар иісті гүлдер отырғызылады. Қалалық шенеуніктер Олимпиаданың ашылу салтанаты өтетін күні Сочи қаласында қызғалдақтар гүлдейді дейді. Бұл өсімдіктер көшетханаларға алдын ала отырғызылған, жақында гүлдер бүр жармақ.