Олимпиаданың ширек финалына шыққан шорт-трекшілер өз әсерлерімен бөлісті
Нұрберген Жұмағазиев:
- Бүгінгі нәтижелерімізді өте керемет деп айта алмаймын. Бірақ, ширек финалға өттік. Менің өз жоспарым бойынша жарыс бастала салып, алғашқы орынға шығу болды. Жоспар бойынша жарысты бастадым. Алайда, бірінші айналымнан кейін Қытай спортшысы алдымды орап кетті. Негізі мен осы маусым бойы 1000 және 1500 метрге дайындалып келген болатынмын. Олимпиада қарсаңында 500 метрге өте аз уақыт дайындалдым. Соған қарамастан, бар күшімді салдым. Маған ең қиыны осы ең жақын 500 метрлік қашықтық. Енді, ширек финалға өткеннен кейін ары қарай жартылай финалға, одан өтсек финалда өнер көрсетуге бар күшімді саламын.
Абзал Әжіғалиев:
- 500 метр қашықтықта жүгіру өте қиын болды. Бұл ең қысқа аралық болғандықтан бірден бәрінен озып кету өте қиын. Жарыс барысында бар күшімді салып, ең бірінші алдымдағы Жапон спортшысының алдына шықтым. Одан кейін, ресейлік Павел Ситниковты да басып озуға күшімді салдым. Сол кезде ол ереже бұзып, жолымды бөгеді. Соның кесірінен төрешілер оған пенальти беріп, жарыстан шеттетті. Міне, сол себепті мен төрешілердің шешімі бойынша ширек финалға өтіп кеттім. Енді, жартылай финалға шығу үшін дайындаламыз.
Денис Никиша:
- Өздеріңіз көргендей жарыс алдында спортшылардың бірі конькиімді сындырып, қайта ауыстыруға тура келді. Сосын, қосалқы конькиді киіп шықтым. Оған көңіл күйімді түсірген жоқпын. 500 метрлік аралық өте шапшаң қимылдауды қажет етеді. Өзіңмен бірге сынға түскен әр спортшы ішкі жолға таласады, алдыға озуға ұмтылады. Тіпті, бір-бірін басып озу үшін жолдан итеріп жібереді. Себебі, бұл Олимпиада ойындары. Сол үшін бәрі тәуекелге барады. Міне, жарыс барысында өзімнің бәсекелестерімнің бірі канадалық спортшы жолда мені итеріп жібергені үшін пенальти алды. Бұл менің ширек финалға өтуіме мүмкіндік берді. Жалпы жарыста ереже бұзбаған дұрыс.