Олимпиадашыларымыздың жеңісі - рух күші мен отансүйгіштіктің және ел бірлігінің айқын айғағы! - Қазақстан халқы Ассамблеясы

АСТАНА. 18 тамыз. ҚазАқпарат - Лондондағы ХХХ жазғы Олимпида ойындарында еліміздің айдынын асырып, көк туымызды асқақтатқан қазақстандық Олимпиада жұлдыздарын Қазақстан халқы Ассамблеясы құттықтады.

Олимпиадашыларымыздың жеңісі - рух күші мен отансүйгіштіктің және ел бірлігінің айқын айғағы! - Қазақстан халқы Ассамблеясы

ҚазАқпарат құттықтаудың мәтінін таратады.

Құрметті отандастар!

Барша Қазақстан ұлттық батырларын, толағай­ларын құттықтауда!

Ұлттық Олимпиада құрамасын Отаны­мыз­дың елордасы - Астана қаласы құшақ жая қар­сы алды. Толағайларды салтанатты ұлықтау рәсімі алғаш рет кең көлемде Тәуелсіздік сарайында ерекше аталып өтті.

Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде «Қазақстанның ұлт­тық құрамасы нағыз спорттық халықтар Ассам­блея­сына айналды. Біздің қазақстандық толағай­лары­мыз бен чемпиондарымыздың, жеңімпаздары­мыз­дың арасында еліміздің алты этносының өкілі бар. Біздің команда Лондонда бір атаның баласындай өнер көрсетті. Қазақстандық толағайлардың жеңісі біздің халқымыздың ынтымағын ұйыстыра түсті, ортақ Отанымыз Қазақстанды мекен еткен біздің отансүйгіштігіміздің, бірлігіміздің, теңдігі­міздің, бауырластығымыздың қуат-күшін паш етті» деп атап өтті.

Мемлекет басшысы «біздің еліміздегі тұрақ­тылық, қазақстандықтардың достығы мен бауыр­ластығы, біртұтас тамыры, Отанға деген махаббаты мен құрметі, тағаттылық пен ауызбірлік біздің елімізді жеңіске бастайтын басты құндылықтар», деп атап көрсетті.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Ұлттық Олимпиада құрамасын Лондон төріндегі ХХХ Жазғы Олимпиада ойындарындағы жарқын жеңістерімен шын жүректен құттықтайды!

Екі апта бойы қазақстандық спортшылар ел намысы мен абыройы үшін аламанға түсіп, жанқияр­лықпен өнер көрсетті. Барша Қазақстан халқы Олим­пиада дүбіріне құлақ түріп, әрбір спорт­шының тілеуін тілеп жанкүйері болды. Миллион­даған отандастарымыз жеңіспен оралған жампоздарын айрықша қошеметпен қарсы алып, ұлықтауда.

Лондон Олимпиадасында қазақстандық спортшылар ел тарихында бұрын-соңды болмаған табысқа жетті. 204 елден келген дүлдүлдер арасында біздің өрендеріміз 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медальды қоржындап, жалпыкомандалық есепте жетекші әлемдік спорт державаларын артта қал­дырып, 12-ші орынды иеленді. Біздің құрама төрт әлемдік және жеті олимпиадалық рекордты орнатып, рекордтар саны бойынша төртінші орынға тұ­рақтады.

Әрбір қазақстандықтың жүрегінде елі үшін ерек­ше мақтаныш сезімі мен жеңімпаздарға деген құр­метке толтырып, Көк туымыз әлемдік спорттың ең жоғарғы тұғырына сан мәрте көтеріліп, Ән­ұра­нымыз Лондон аспанында шарықтады.

Осы Олимпиада жеңімпаздарының есімдері Тәуелсіз Қазақстан тарихына мәңгілікке алтын әріптермен жазылатын болады!

Құрметті толағайлар!

Сіздер спорт бәсекесінің әр кезеңінде жеңіске деген айрықша ерік-жігердің үлгісін көрсетіп еліміздің абыройын әлем алдында үстем еттіңіздер. Сіздердің ХХХ Лондон Олимпиадасындағы жеңіс­тері­ңіз - Қазақстанның жарқын табысы! Бұл ел Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жүргізіп келе жатқан жемісті саясаттың жарқын көрсеткіші! Қазақстан халқының зор мақтанышы! Рух күші мен отансүйгіштіктің және ел бірлігінің айқын айғағы!

Сіздер алып келген жеңістер әрбір қазақстан­дықтың өзіне деген және Отанының күш-қуатына деген сенімін нығайта түсті. Сіздер жанқиярлық ерлік пен қайтпас қайсарлықтың және талаптың арқасында ғана ұлы жеңістерге жетуге болатынын дәлелдедіңіздер.

Сіздер әлем алдында біздің ұлттық рухымыз бен жеңіске ұмтылысымызды жария ете отырып, келешекте Қазақстанның намысын қорғайтын бар­лық жас өрендер үшін тамаша үлгі көрсеттіңіздер!

Толайым табысқа толы осы жеңістің қазақстан­дықтардың экономика, ғылым, өнер және өмірдің басқа салаларында Қазақстан Республикасының атын әлемге әйгілеудегі ұмтылысына бастау болатынына біздің сеніміміз мол!

Қазақстан халқы Ассамблеясы сіздерге қайсар спорттық рух, жаңа табыстар мен жарқын жеңістер жолында күш-қайрат пен ерік-жігер тілейді!

Жеңістен жеңіске жете беріңіздер!

Қазақстан халқы Ассамблеясы.

Астана қаласы, 17 тамыз, 2012 жыл.