Өлкетанушы-тарихшылардың Солтүстік лигасы құрылатын болады

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бурабай ауданының «Звездный» балалар сауықтыру орталығында Ақмола облысының білім беру мекемелерінің мұражайларды дамыту бағдарламасы жобасы негізінде «Teach-in» үлгісінде «Балаларға арналған өлкетану: идеялар мен тәжірибе» атты республикалық семинар болып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өлкетанушы-тарихшылардың Солтүстік лигасы құрылатын болады

Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының дерегі бойынша бұл семинарға Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарынан 160 ұстаз, өлкетану және туристік үйірме жетекшілері, тарихшы-ғылымдар қатысты. Осы шара шеңберінде теориялық және тәжірибелік дәрістер мен шеберлік сабақтары өткізілді. «Мектеп мұражайы жұмысының белсенді және интерактивті нысандары» диалог алаңы ұйымдастырылып, тәжірибие алмасу болды. Ғалымдар мен жастар үшін өңіраралық зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру, бірлескен әдістемелік және әдіснамалық, соның ішінде сандық түрде оқу құралдарын әзірлеу бойынша шешімдер қабылданды.

Семинарға қатысушылар еліміздің інжуі-маржаны - Бурабайдың көрікті жерлерін, аудандық тарихи-өлкетану мұражайын, Бурабай ауданының визит орталығын, табиғат паркін аралап көрді. Ақмола облысының жас зерттеуші-өлкетанушылары дайындаған бейне көрсетілімдер ұсынылды. Ақмолалықтардың бастамасымен тарихшы-өлкетанушылардың Солтүстік лигасын құру жөнінде ұйғарым жасалды.

null 

«Еліміздің барлық аумақтарында, Ақмола облысында да қасиетті орындарға үлкен қызығушылық артып келеді. Біз тарихи-мәдени және табиғи мұраны мақтан тұтып, келесі ұрпаққа сақтап қалуымыз қажет», - деді «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы басшысының орынбасары Батырхан Жұмабаев.

Қазір Ақмола облысында 205 мектеп мұражайы жұмыс істейді. Білім беру мекемелерінің 140 мұражайының экспозициялары «Рухани жаңғыру» тақырыбын қамтиды.