Өліммен аяқталған алғашқы кездесу: сотталушының ісі қайта қаралды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қалалық сотында апелляциялық тәртіпте Т.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол бұған дейін сот үкімімен абайсызда адам өліміне әкеп соқтырғаны үшін (ҚК-нің 104-бабының 1-бөлігі) кінәлі деп танылған. Сотталушыға 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Бірақ сот процесіне қатысушылар бұл шешімге апелляциялық шағым түсірді. Іс материалдарын зерделеу барысында сот алқасы 2023 жылдың қазан айында кафеден шығу барысында таксиге қатысты туындаған жанжал кезінде, сотталушы Т. жәбірленуші К.-ны күштеп итеріп жібергенін анықтады. Нәтижесінде К. арыққа құлап, басының артқы жағымен бетон арығының шетіне соғылып, алған жарақатынан қайтыс болған.
«Іс материалдарын зерделеп, көрсетілген мән-жайларды, сондай-ақ сараптаманың қорытындысын ескере отырып, сот алқасы бұрын шығарылған үкімнің күшін жойды. Алқа қаулысымен Т. абайсызда адамның өліміне әкеп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылды (ҚК 106 - бабының 3-тармағы) және оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деп хабарлады қалалық сот.
Қаулы заңды күшіне енді
Еске салайық, бұған дейін Алматыда фитнес жаттықтырушы атып өлтірген азаматқа сот үкімі шыққан болатын.