Өлтірілген банкир Тәтішевтің мұрасы қалай бөліске салынған - Тараздағы сот
«Тұран Әлем Банкі» басқарма төрағасының бұрынғы кеңесшісі Меруерт Жақсылықова «Тұран Әлем Банкі» АҚ басшысы Ержан Тәтішев қаза болғаннан кейін, сол уақытта акциялардың бақылаушы пакеті қолында болған оның жесірі Анар Айтжанова өзін Директорлар кеңесінің құрамына кіруге үгіттегенін айтты.
«Банктің Директорлар кеңесінің құрамына кіруіме Анар қолғабыс етіп, банктің нақты ахуалына қанық болу үшін есеп-қисаптарды қарап шығуымды өтінді. Осы тапсырманы орындауға кіріскенімде Анар мен Ержанның бауырлары - Ерлан және Еркін арасындағы қарым-қатынастар шиеленісті екенін байқадым. Өйткені банкті басқару мен оған иелік етудің тағдыры айқындалып жатқан еді», - деді куәгер.
Меруерт Жақсылықова екі оттың арасында қалғысы келмей, банктен кетуді шешкен. «Мен жұмысқа бармай қойдым. Сонда Анар үйіме келіп, банктің жұмысына көмектесуге тағы да үгіттей бастады. Бірақ мен бас тарттым. Жүйкем сыр берді, банк бөліске салынып жатқан оқиғаларға жауапты болып қалуым мүмкін еді. Анар менің жағдайымды түсініп, шешімімді қуаттады», - дейді ол.
М. Жақсылықованың сөзіне қарағанда, 2005 жылдың қыс айында «Bata» компаниясының кеңсесінде Анар Айтжанова, Талғат Ақсамбиев, Бауыржан Бейсембаев, Қайрат Садықов және өзінің қатысуымен кездесу өткен. Онда Қ. Садықов Анарға «БТА» банкінің акциялары тиесілі компаниялардың тізімін ұсынған.
«Тізім Анар мен Ақсамбиевтің ызасын келтірді. Олардың пікірінше, тізім не толық болмады, не қате еді. Олар ақырып, наразылығын білдіре кетті. Ұрыс-керіс басталған соң, мен кездесуден кетіп қалдым. Мен ондай жағдайда жүргім келмей, жұмысқа мүлдем шықпай қойдым», - деді ол.
Содан кейін, 2005 жылдың ақпанында Меруерт Жақсылықова Мәскеуге кетіп, жазға дейін сонда болған. Сосын маусымда Алматыға оралған.
«Келгенімде маған банктің басқарма төрағасының орынбасары Ғабдуллин Ниязбек қоңырау шалды. Ол қауіпсіздік бөлімшелеріне жауапты еді. Ол «БТА» банкінің бұрынғы топ-менеджері Жақсылық Жарымбетов менімен кездеспек ойы бар екенін айтты. Кездесу «Самал-2» ықшам ауданында өтті. Жарымбетов кездесуде Директорлар кеңесінің құрамынан шұғыл түрде шығуым қажеттігін айтты. Мен оның талабымен келісетінімді жеткіздім. Сонда менімен сөйлескен Анар Әбілязов қорқынышты адам екенін айтты. Ол қатты қобалжып тұр еді», - деді куәгер.
Кейін Меруерт Жақсылықова басқа ұйымға жұмысқа тұрған. 2007 жылы «Премьер Финанс Консалтинг» ЖШС-ны құрып, қазірге дейін сол жерде жұмыс істеп келеді.
Ол сотта Ержан Тәтішевтен ақша бопсалау фактісі туралы нақты ештеңе білмейтінін жеткізген. «Менің білуімше, сол кездері Анар балаларын алып шекара асып кеткен, ал Ержан біраз уақыт банк ғимаратында тұрған еді», - деді М. Жақсылықова.
Айта кетейік, бүгінгі сот отырысында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақпараттық жүйелер қызметі 1-ші орталығының басшысы лауазымын атқарған Бекболат Қанғожин банкир Тәтішевтің артынан бақылау қалай жүргізілгенін айтып берді. Оның сөзінше, Тәтішевті бақылау жөніндегі нұсқауды оған ҚР ҰҚК төрағасы Н.Н. Дүтбаевтың өзі берген.
Еске салайық, «ҚазҚұрылысШыны» ЖШС басшысы М. Тоқмәди «Тұран Әлем Банкі» АҚ (қазіргі «БТА банк») Ержан Тәтішевті 2004 жылдың 19 желтоқсанында Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар стансасы маңында аңшылыққа шыққан кезде атып өлтіргенін мойындады. Оның өліміне аталған бактің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбілязов тапсырыс берген.
Бұдан бөлек, жемқорлық жасағанын - ҚР ІІМ Тергеу-жедел тобының басшысы Ержан Артықбаевқа ақшалай сыйақы бергенін де мойнына алған. Енді М.Тоқмәдиге 1997 жылғы редакциядағы ҚР ҚК 96-бабы 2-бөлімі «ж», «з» тармақтарында (адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, қорқытып алушылықпен не бандитизммен адам өлтіру) қарастырылған қылмыстар жасады деген айып тағылуда.
Сот барысында айыпталушы өзіне тағылған айыптардың бәрі негізді екенін айтып, Ержан Тәтішевті өлтіргендігін толықтай мойындаған болатын.
Е. Тәтішевтің өлімі бойынша М. Тоқмәдиге қатысты қылмыстық іс 79 томнан тұрады. Процеске судья Азамат Тілепов төрағалық етуде.