Олжас Анафин әлеуметтік салада цифрландыруды дамыту жоспарлары туралы айтты
АСТАНА. KAZINFORM – «Әлеумет» әлеуметтік қызметтер порталы дамытылады. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин айтты.
Олжас Анафин бұған дейін Қазақстанда Отбасының цифрлық картасы іске қосылғанын атап өтті, ол өзін мониторинг және халыққа қолдау көрсету құралы ретінде оң көрсетті. Қазіргі уақытта осы платформаны дамыту мәселелері пысықталуда.
«Өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларды кешенді қолдауды іске асыру және осал азаматтарды қолдаудың тиімділігі мен белсенділігін арттыру үшін болашақта Бас прокуратура мен ІІМ ақпараттық жүйелерімен түрлі құқық бұзушылықтар мен тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары туралы ақпарат алу бөлігінде интеграция жүргізетін боламыз», – деп атап өтті Олжас Анафин.
Оның атап өтуінше, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарын цифрландыру аясында әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті жақсарту және ұйымдар жұмысының тиімділігін арттыру үшін технологияларды енгізу, оның ішінде әлеуметтік саланы кадрлық қамтамасыз етуді автоматтандыру (аттестаттау мен тестілеуді қоса алғанда) жүргізіледі. Бұл Ғылым және жоғары білім министрліктерінің ақпараттық жүйелерімен интеграцияны қажет етеді.
«Тағы бір міндет – мүгедектігі бар азаматтарға берілетін оңалту құралдарының сапа және қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз ету. Ол үшін «Әлеумет» әлеуметтік қызметтер порталының Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы сараптау ұлттық орталығымен интеграциясы жүргізілді, бұдан әрі Мемлекеттік кірістер комитетінің дерекқорымен интеграция жүргізуді жоспарлап отырмыз», – деді вице-министр.