Олжас Бектенов Астанадағы Әзербайжан елшілігінің көңіл айту кітабына жазба қалдырды

АСТАНА. KAZINFORM –  Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Әзербайжанның Астанадағы елшілігіне барып, Ақтау қаласының әуежайы маңында болған Az Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағының апатына байланысты ашылған көңіл айту кітабына жазба қалдырды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Олжас Бектенов Астанадағы Әзербайжан елшілігінің көңіл айту кітабына жазба қалдырды
Фото: ҚР Үкіметі

26 желтоқсанда Әзербайжанда қаралы күн жарияланды. Қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

- Бұл қиын сәтте Қазақстан Үкіметінің және өз атымнан қаза тапқандардың отбасыларына, туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Орны толмас ауыр қайғыға ортақтасып, апат салдарынан зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін, әзербайжан халқына сабыр мен төзімділік тілеймін. Біз бауырлас Әзербайжанға тиісті көмек қолын созып, жан-жақты қолдау көрсетеміз, — деп жазды Олжас Бектенов.

Бұған дейін Премьер-министр қаза тапқан қазақстандықтардың туған-туыстарына көңіл айтып, зардап шеккен Әзербайжан, Ресей және Қырғызстан азаматтарына жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырған болатын.

Ақтау қаласына келген қаза тапқан жолаушылардың отбасы мүшелеріне қажетті көмек көрсетіліп жатыр.

Премьер-министр авиациялық қауіпсіздікті күшейту жөнінде бірқатар тапсырма бергенін жазған болатынбыз.