Олжас Бектенов автобөлшек өндірісінің жоспарын бір айда әзірлеуді тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Өнеркәсіп министрлігіне бір айда Қазақстанда автобөлшектер өндірісін дамыту жөніндегі нақты жоспарды әзірлеуді тапсырды.
Премьердің айтуынша, машина жасау саласы — экономиканы өркендетуге және оны іс жүзінде әртараптандыруға ықпал ететін аса маңызды бағыттардың бірі. Мемлекет басшысы отандық автомобиль өнеркәсібін толыққанды жоғары технологиялық салаға трансформациялау міндетін қойды.
— Елімізде заманауи талаптарға сай келетін автобөлшектердің жергілікті өндірісін жолға қою — өте маңызды бағыт. Ол үшін қосалқы бөлшектер өндірісінде қолданылатын отандық материалдардың түрлерін кеңейту қажет. Мәселен, Қарағанды облысындағы «Qarmet» компаниясы автобустар мен жүк көліктері үшін арнайы болат маркаларын шығарып жатыр. Келесі кезеңде жеңіл автомобильдерге арналған болат өндірісін қолға алу қажет, — деді Олжас Бектенов.
Сонымен бірге, мыс, алюминий, хромды терең өңдеу, резеңке, пластик, кабель және басқа да өнім түрлерін дамыту саласында да үлкен әлеует бар.
— Осыған байланысты Өнеркәсіп министрлігіне салалық кәсіпорындармен бірлесіп, бір ай ішінде автобөлшектер өндірісін құру бойынша тиісті жоспарды әзірлеуді тапсырамын, — деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, биыл елімізде 190 мың автокөлік шығарылады.
Қазақстанның 19 оқу орнында автоөнеркәсіп мамандары даярланып жатыр.