Олжас Бектенов: Азаматтардың табысын арттыру — Үкіметтің басты мақсаты
АСТАНА. KAZINFORM — Азаматтардың табыс деңгейін арттыру Үкімет жұмысының өзгермейтін басты мақсаты. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.
«Мемлекет басшысының Жолдауы Үкімет пен бүкіл Қазақстан қоғамы үшін стратегиялық бағдар болып табылады. Жолдау бізге таяу мерзімге арналған мақсат-міндеттермен қатар нысаналы көрсеткіштері және индикаторлары белгіленген нақты іс-қимыл алгоритмін айқындап берді. Әрбір тармақтың орындалуы қатаң бақылауда болады. Бұл ретте қорытынды нәтижеге, оның экономикаға тиімділігіне баса назар аударылады. Азаматтардың табыс деңгейін арттыру Үкімет жұмысының өзгермейтін басты мақсаты», - деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектеновтің атап өтуінше, кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамту үшін қолайлы жағдайлар жасау және мемлекеттік бюджетті ұтымды бөлу айтарлықтай экономикалық өрлеуге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
«Бұл ретте Мемлекет басшысы атап өткендей, «Экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздік азайып, орта тап күшейе түсуі керек». Президент экономиканың нақты секторын дамытуға ерекше тоқталып өтті. Бұл өнеркәсіп, энергетика, газ саласы, көлік кешені, экология және цифрландыру мәселелерін қамтиды», - деді Премьер-Министр.