Олжас Бектенов БҚО әкімін жол сапасына қатысты сынады
АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет басшысы Олжас Бектенов Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің өңірдегі жол саласындағы атқарылған жұмысын сынға алды.

- Нариман Төреғалиұлы сіздерде жолдың жағдайы әліде нашар болып отыр. Өзгеріс шамалы, қандай шаралар қабылдап жатсыздар? Жағдай қашан жақсарады? Жылдан жылға жақсы жолдардың үлесі арту керек қой. Сіздерде керісінше, төмендеп бара жатыр, тек қана республикаға қарап мәселені айтпай, шешу керек. Жергілікті бюджеттен қаржыны қарастыру қажет, - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Өз кезегінде БҚО әкімі өңірде жолдың нашар екенін мойындады.
- Өзіңізге мәлім, тәуелсіздік алғаннан кейін өңірдегі жолдың нормативтік үлесі өте төмен. Облыс бойынша автомобиль жолының жалпы ұзындығы 6183 шақырым. Үкіметтің қолдауымен 2023-2025 жылдарға жалпы сипаттағы трансферт түрінде 66 млрд теңге қарастырылды. Жоспар бойынша үш жылда 2 мың шақырым жергілікті жол салу жоспарланды, - деп жауап берді Нариман Төреғалиев Премьер-Министрдің сауалына.
Бұған дейін хабарлағанымыздай елімізде жол салуға арналған жер телімдерінің қолданыс мақсатын өзгертуге мораторий жарияланады.