Олжас Бектенов бірқатар азаматқа Президент атынан мемлекеттік наградаларды табыс етті

АСТАНА. KAZINFORM – Басты жалпыұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградаларды табыс етті. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

в
Фото: Үкімет

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен бәріміз бір ел болып, ауқымды саяси реформаларды табысты жүзеге асырдық. Егемендіктің берік тұғырына айналған жаңа Конституциямыз заңды күшіне еніп, мемлекеттік басқару жүйесі түбегейлі қайта жаңғырды. Қазақстан азаматтарының жасампаз рухының арқасында бірегей саяси оқиғаларды жауапкершілікпен әрі жоғары ұйымшылдықпен атқарып, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін аса маңызды бастамаларды қолға алдық, - деп атап өтті Олжас Бектенов.

в
Фото: Үкімет

Премьер-министр еліміздің әрбір маңызды жетістігі өз ісіне шынайы берілген адамдардың күнделікті еңбегіне байланысты екенін атап өтті. Мемлекеттік наградалар – еліміздің дамуына үлес қосқан азаматтарымыздың қажырлы еңбектеріне деген құрмет пен лайықты бағалаудың көрінісі. Еңбек адамының рөліне және «Адал азамат» құндылықтарына ерекше мән берілді. Бұл идеяның негізінде еңбекқорлық, іскерлік, жауапкершілік пен білімге деген ұмтылыс жатыр. Еліміздің одан әрі дамуы Президенттің Әділетті, Озық, Күшті әрі Таза Қазақстанды құру бағытын жүзеге асыруда барлық қазақстандықтардың бірлескен күш-жігерін қажет етеді.

в
Фото: Үкімет

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар мен құрметті атақ берілді.

Марапатталғандар:

ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен

Тимур Қарағойшин –«Мемлекеттік ведомстводан тыс жобаларға сараптама» РМКҚ бас директоры.

ІІ дәрежелі «Достық» орденімен

Николай Подгузов – Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы.

«Құрмет» орденімен

Ростислав Коняшкин – Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі;

Шыңғыс Оразәлімов – «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасының орынбасары;

Дияр Нүсіпқожанов – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ аппарат басшысы.