Олжас Бектенов China Tianying Inc. компаниясының президенті Дэбяо Цаомен кездесті
АСТАНА.KAZINFORM - Премьер-министр Олжас Бектенов China Tianying Inc. компаниясының президенті әрі партия комитетінің хатшысы Дэбяо Цаомен кездесті. Жүздесу барысында тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу және энергетикалық кәдеге жарату саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
- Екі ел көшбасшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин арасындағы сенімге негізделген сындарлы диалогтің арқасында екіжақты ынтымақтастық экономиканың барлық саласында қарқынды дамып, жаңа деңгейге көтерілуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы $48 млрд-қа жетті. Үкімет екі мемлекет басшылары айқындаған өзара сауда көлемін екі есеге арттыру жөніндегі міндеттерді орындау үшін бар күш-жігерін жұмылдырып жатыр, - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бүгінгі таңда Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы аясында жалпы құны $13,3 млрд-ты құрайтын 77 бірлескен жоба жүзеге асырылып, 21,6 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар жалпы саны 269-дан астам бастама келешегі зор жобалар портфеліне енгізілген.
Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату белсенді дамып келе жатқан бағыттар қатарына жатады. Қазіргі уақытта Қазақстанда Астана, Алматы және Шымкент қалаларында осындай зауыттар салу бойынша жобалар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ өңірлерде Waste-to-energy тетігі енгізілуде. China Tianying компаниясы бұл салада 20 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейді, өзіндік технологиялық және өндірістік әлеуетке ие. Компания қызметі Сингапур, Мальдив аралдары, Франция сияқты әлемнің 30-дан астам елін қамтиды.
China Tianying Inc. компаниясының басшысы Дэбяо Цао компанияның өндірістік қуаты мен технологиялық шешімдері экология саласындағы озық еуропалық стандарттарға сәйкес келетінін атап өтті.
- Біз екі негізгі бағытта жұмыс істейміз: қоршаған ортаны қорғау жобаларын жүзеге асыру және жаңа энергетика саласындағы технологияларды дамыту. Қазіргі уақытта компания зауыттарының қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу қуаты тәулігіне 4 мың тоннаны құрайды. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш тәулігіне 7 мың тоннаға дейін артатын болады. Компания техникалық шешімдерді әзірлеу, жабдықтарды өндіруден бастап, құрылыс жұмыстарын жүргізу, нысандарды пайдалануға беру және оларды кейінгі сервистік қызметпен қамтамасыз етуге дейінгі толық өндірістік циклді жүзеге асырады, - деді Дэбяо Цао.
Кездесу барысында Қазақстанда тәулігіне 250-ден 500 тоннаға дейінгі қалдықтарды өңдейтін шағын қуатты зауыттар салу перспективаларына ерекше назар аударылды. Мұндай шешімдер коммуналдық қалдықтардың көлемі ірі кәсіпорындар салуды қажет етпейтін өңірлер үшін аса өзекті.
Бүгінгі таңда Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бойынша жобалар Инвестициялар туралы келісімдер тетігі арқылы жүзеге асырылуда. Энергетикалық кәдеге жарату жобалары үшін өндірілетін электр энергиясына 1 кВт/сағ үшін 55 теңгеге дейін тариф белгіленді.
Кездесу қорытындысы бойынша Премьер-министр мемлекеттік органдарға өңірлерде заманауи экологиялық және энергетикалық технологияларды енгізу бойынша айтылған бастамаларды уақытылы жүзеге асыру үшін инвестициялық жобаны сүйемелдеуге жәрдемдесуді тапсырды.
- Экология министрлігі өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, компаниямен келіссөздердің соңғы кезеңін жеделдетілген тәртіппен жүргізуі және екі апта ішінде Қазақстанның кемінде үш ірі қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату зауыттарын салуды көздейтін Инвестициялар туралы келісімді бекітуге ұсынуы тиіс, - деп тапсырды Олжас Бектенов.
Айта кетейік, өткен жылы қытай компанияларымен Инвестициялар туралы келісімдер жасалды және бүгінгі таңда үш қалада жалпы құны 293,3 млрд теңге болатын қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату саласында зауыттар құрылысы басталды. Жалпы қуаты тәулігіне 4,5 мың тонна қалдықты құрайтын нысан 134 МВт электр энергиясын өндіріп, 300-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашады.
Алматыда Junxin Environmental Protection компаниясымен бірлесіп тәулігіне 2000 тонна коммуналдық қалдықтарды (жылына 730 мың тонна) кәдеге жарату және 60 МВт электр энергиясын өндіретін зауыттың құрылысы жүргізіліп жатыр. Инвестиция көлемі – 145,5 млрд теңге.
Астанада EAST HOPE компаниясы тәулігіне кемінде 1500 тонна коммуналдық қалдықтарды (жылына 550 мың тонна) энергетикалық кәдеге жаратуды және кейіннен 50 МВт электр энергиясын өндіруді көздейтін жобаны жүзеге асырып жатыр. Тартылған инвестициялардың жалпы сомасы 94,4 млрд теңге.
Шымкент қаласында Shaanxi Construction Engineering Kazakhstan Co., Ltd тәулігіне 1000 тонна коммуналдық қалдықтарды (жылына 360 мың тонна) кәдеге жарату, кейіннен 24 МВт электр энергиясын өндіретін зауыт салынып жатыр. Шамамен 54 млрд теңге инвестиция тартылды.
Қазіргі таңда Ақтөбе, Атырау, Қарағанды және еліміздің басқа да қалаларында осындай жобалар қарастырылып жатыр.
Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалының көлемі 9%-ға артқанын жазған едік.