Олжас Бектенов энергетика саласында маман тапшылығын шешетін жоспар әзірлеуді тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика және жалпы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы маман тапшылығын шешуге бағытталған нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу керек. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрі Олжас Бектенов айтты.
- Мемлекет басшысы жаңа электр станциялары мен электр желілерін салу және қолданыстағы нысандарды жаңғырту, сондай-ақ «таза» көмір генерациясы мен жаңартылатын энергетиканы толыққанды дамыту қажеттігін әрдайым атап өтеді. Энергия нысандарын жөндеу мен жаңғыртуға қомақты қаражат бөлініп жатыр, - деді ол.
Олжас Бектенов Президент халыққа Жолдауында білікті энергетик мамандарды даярлау ісіне баса мән бергеніне назар аудартты.
- Бұл орайда кәсіби мамандардың сабақтастығын қамтамасыз ету, практикалық құзыреттерді дамыту, әсіресе атом энергетикасының дамуын ескере отырып, саланың тұрақты кадрлық резервін қалыптастыру қажет. Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту, Энергетика министрліктері өңір әкімдіктерімен бірлесіп, энергетика және жалпы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы маман тапшылығын шешуге бағытталған нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуге тиіс, - деді Үкімет басшысы.
Айта кетейік, Ерлан Ақкенженов әкімдерге өңірлерде көмірге қатысты жасанды дүрбелең тудырмауды ескертті.