Олжас Бектенов Еуразиялық даму банкі Кеңесінің отырысын өткізді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Банктің жылдық жиналысы аясында Еуразиялық даму банкі Кеңесінің (ЕАДБ) отырысын өткізді. Онда ұйымның 2023 жылғы жұмысының қорытындылары қаралды, сондай-ақ одан әрі көпжақты даму бойынша бірқатар шешім қабылданды. 

Бектенов
Фото: ҚР Үкіметі

ЕАДБ басқарма төрағасы Николай Подгузов 2023 жылы Банк қаржылық тұрақтылықты сақтап, операциялар аймағындағы жетекші даму институты ретіндегі рөлін күшейткенін атап өтті.

Жылдық инвестиция көлемі $1,7 млрд құрады. Есепті жылы банк «жасыл инвестициялар» саласындағы жұмысты ұлғайтты – ағымдағы инвестициялық портфельдегі жасыл жобалардың көлемі жыл қорытындысы бойынша $600 млн-нан асты. Алғашқы екі жылдың қорытындысы бойынша Инвестициялар бойынша 2022-2026 стратегиясының көрсеткішін орындау 140%-ды құрады.

Банктің 18 жылдық жұмысында жинақталған инвестициялық портфель $14,7 млрд-қа жетті, ал жобалардың жалпы саны – 285.

Негізгі үлесті көлік инфрақұрылымы, цифрлық жүйелер, жасыл энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және машина жасау салаларындағы интеграциялық әсері бар жобалар құрайды. 

Анықтама: Еуразиялық даму банкі – Еуразиялық кеңістікте инвестициялық қызметті жүзеге асыратын халықаралық қаржы ұйымы. 18 жылдан астам уақыт бойы ЕАДБ экономикалық байланыстарды нығайтуға, кеңейтуге және қатысушы елдердің жан-жақты дамуына жәрдемдесіп келеді. ЕАДБ-ның жарғылық капиталы – $7 млрд. Банк өз қызметінде БҰҰ-ның Орнықты даму саласындағы мақсаттарын және ESG қағидаттарын басшылыққа алады. 

Соңғы жаңалықтар