Олжас Бектенов инвесторларға: Меморгандар тарапынан ешқандай қысым көрмейсіздер

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов отандық және шетелдік инвесторларға үндеу жолдады.

олжас бектенов
Фото: ҚР Үкіметі

«Бүгінде әлемнің көптеген елдері инвестиция тартуға барынша мән беріп отыр. Қазақстанның да мақсаты — сол! Біз отандық және шетелдік бизнеспен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Біз ұзақмерзімді инвестиция үшін барынша қолайлы жағдай жасауға ұдайы ұмтылып келеміз. Жоғары деңгейде өңделген өнімдер шығаруға, ақпараттық технологияны озық қарқынмен дамытуға, еліміздің серпінді дамуына ықпал ететін инновациялық кәсіпорын құруға бағытталған әрбір ірі инвестициялық жобаға қолдау көрсетуге Қазақстан Үкіметі кепілдік береді деп сендіргім келеді», — деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов Үкімет инвесторларға ресурстарға кедергісіз қол жеткізуге мүмкіндік жасайтынын, инфрақұрылымдық және консультативтік қолдау көрсетіп, өнімін өткізуге көмектесетінін баса айтты.

«Сіздер мемлекеттік және құқық қорғау органдары тарапынан ешқандай қысым көрмейсіздер. Оған ешқандай күмән болмасын. Керісінше, Үкімет сіздерге сенімді әрі ашық әріптес болады. Бұл мәселелерді шешу үшін Инвестициялық штаб жұмыс істейді. Өткен жылдың соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған Штабқа ерекше өкілеттіктер берді. Біз отандық және шетелдік инвестициялар ағынын арттыру үшін басқа да бастамаларды іске асыруға ниеттіміз. Олардың қатарында экономиканың басым салаларында инвесторлар үшін түбегейлі ынталандыру шаралары мен жаңа тәсілдерді қолдану, салықтық преференциялар, бюрократияны және бизнеске қажетсіз талаптарды алып тастау көзделуде. Күш-жігерімізді жұмылдыра отырып, біз Қазақстан экономикасын дамытуда елеулі табыстарға қол жеткіземіз және өзара тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз етеміз деп сенемін», — деді Премьер-Министр.