Олжас Бектенов Көкшетаудағы қазандықтың жағдайын тексерді

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Премьер-Министр Олжас Бектенов Ақмола облысына жұмыс сапары барысында жылыту маусымына дайындық жоспарымен және инженерлік құрылыстардың, атап айтқанда, Көкшетау қаласының №2 аудандық қазандығының жай-күйімен танысты

Бектенов
Фото: ҚР Үкіметі

Үкімет басшысына Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса энергетика кешені инфрақұрылымының жағдайы туралы баяндады.

Қазіргі таңда қаладағы жылу желілерінің тозу деңгейі 43%-ды құрайды. Жылыту маусымына дайындық аясында 6 км коммуникацияны жөндеу жоспарланған, бұл жыл қорытындысы бойынша көрсеткішті 41%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Қаланы «Көкшетау Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жылумен қамтамасыз етіп отыр. Ұйым балансында 4 қазандық бар. 

Көкшетау
Фото: primeminister.kz

Биыл Үкімет қаулысына сәйкес, екі жылу көзін – №1 және №2 аудандық қазандықтарды жөндеуге резервтен 816 млн теңге бөлінді. Жазғы уақытта нысандарда қазандық агрегаттарының, конвективтік бөлік пакеттерінің, қыздыру беттерінің және шикі көмір бункерлерінің ақауларын жою жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. 

Көкшетау
Фото: primeminister.kz

Олжас Бектенов №2 қазандықтың жағдайын тексерді. Нысан 1998 жылы пайдалануға берілген, қазіргі уақытта 56 мың абонентті жылумен қамтамасыз етіп отыр. Қазандықтың өндірістік шекті қуаты сағатына 300 Гкал-ға жетеді. Жөндеу жұмыстарын жүргізу апаттық жағдайды азайтуға және жылыту маусымында халықты жылумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

«Осыған дейін атап өткенімдей, қыстың көзі қырауда қиындықты болдырмау үшін жаз айларында барлық күш-жігерді жұмсау керек. Мемлекет басшысы коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сапалы әрі үздіксіз жылу беруді қамтамасыз ету – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Қаражат бөлінді. Жүктелген жұмысқа барынша жауапкершілікпен қарау керек. Біз өткен тәжірибені ескеріп, жіберілген қателіктерден сабақ алып, ерте бастан белсенді әрекет етуіміз керек», - деп атап өтті Олжас Бектенов. 

Олжас Бектенов
Фото: primeminister.kz

Бүгінде Көкшетауда қаланың жылу және электр энергиясына деген өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз ететін ЖЭО салу жобасы пысықталып жатыр. Оның жылу қуаты сағатына 520 Гкал, электр қуаты 240 МВт-ты құрайтын болады деп жоспарланып отыр.

Олжас Бектенов
Фото: primeminister.kz